Бүгін менің апамның туған күні
Ақжол Түменбай
Балалық-ай, балпаңдап жазым басқан.
Тағдырыма мехнат жазылмастан.
Мына менің табаным жарақатсыз.
Ал апамның маңдайын əжім басқан.
Қадір қашқан менен де ұят налып.
Аспан неге жылайды жиі ақталып.
Ажарына апамның əжім түсті.
Əжемді жеңген тағдыр сияқтанып.
Көрмейсің бе тірліктің тербелуін,
Мен өмірге ал маған келді өмірім.
Есім кетіп әлди мен есіл үнге
Еңбектеуден басталды-ау пенделігім.
Апа мен қырт өмірді көксемедім.
Көксемеуге бар еді көп себебім.
Тоймай қалған қозыдай дүре тиіп.
Етегіңе оралып өскен едім.
Шөккен еңсе, ақ түскен тау ғұмырға.
Кəрілік кəрленеді жау қырында.
Аяғыңның астында аят болған.
Жұмақтың иісі бар жаулығыңда.
Мысқыл күлкі мүжіген мүрде мұңды.
Күпі киген қара өмір кімге нұрлы.
Бүкірейген апама қарап, білем.
Мен кімнің арқасында жүргенімді.
Тар құрсағын кеңітіп құндақтаған.
Емізген, еміренген қымбатты адам.
Тас емшегін жібітіп таңдайымды.
Ана сүтінен құрғатпаған,
Мен апамның жастығын ұрлап барам.
Қазақы үй, қарт ата-ана, тентегі бір,
Күрмеуге келмей қалған келте ғұмыр.
Əне-міне дегенше түгесілер,
Əжем айтқан əй жалған ертегі өмір.
Сөнді жұлдыз, құба таң бозарды да,
Болмай отыр болмағыр мазам жүдə.
Апамның туған күні өткен сайын.
Əжем келе береді көз алдыма...
Ақжол Түменбай