Бүгінде жалпы мұсылманның өмірінде діни ілім алу жүйесіздікке ауып бара жатқандай. Ұстазға барып, одан ең төменгі дәрежеден бастап ілім үйренудің орнына, әлеуметтік желідегі әртүрлі каналдар мен видеолардан оның қаны мен жаны болған дінді үйренуде. Ол тікелей діни ілімнің тепетеңсіздігіне алып барады. Өзіне керекті затты білмейді, бірақ қосымша мағлұматтарды, тіпті ислами ілім алуда белгілі бір деңгейге жеткенде ғана кірісуге болатын мәселелерге кірісіп жүреді. Қазір осы телеграмның өзінде бір пара Құран білмейтін, тіпті арабша әріптермен тұпнұсқадан Құран оқи алмайтын кісілердің жеке каналдары бар, әр діни парақшадан әртүрлі деңгейде ақпаратты көріп, жаппай бөліседі. Канал иесі сол дәрежеде болса, оған тіркелгендер ше? Жарайды бір пайдам тисін деп жасап жатыр ғой. Бірақ ұстазға барып ілім алмау көп, өте көп қасіретке алып барады. Бір адам намаз онсыз дұрыс болмайтын фатиханы дұрыс оқи алмайды, дәреттің парыз, сүннетін білмейді, намазды не нәрсе бұзады білмейді, ғұсыл алу не екенін де білмеуі мүмкін. Бірақ сол адам тағдыр мәселесіне терең кіріседі, Каһф сүресіндегі үңгір иелерінің итінің атын біледі, пәленше имам мен пәленше ұстаздың бір мәселеге екі түрлі жауап бергенін айтып, оларға төреші болады. Басқада қаншама оған міндет емес затты біледі. Білу еш айып емес, бірақ өзіне міндетті білмей, өзіне еш міндет еместі білу үлкен айып. Ол адамның дін не екенін әлі ұғынбаған болуы. Адамның діни заттардан білуі міндет болғаны бар. Оны білмесе күнәһар болады. Ол дәрет алуды білмесе күнәһар болады, оған жауап береді. Ол үйренбегені үшін әрі амал етпегені үшін сұралады. Мысал намазхан әйел қауымы да өзіне білу міндет болған етеккір мәселелерін білмейді, бірақ өзіне еш міндет емес, оны білуі иманына да, өміріне де, құлшылықтарына да еш пайдасыз көп қосымша затты біледі. Ол өзіне міндет затты білмесе, қалай оған амал жасайды? Солайша екі күнә арқалайды, бірі өзіне міндетті үйренбеу, екіншісі оған амал етпеу. Кейін ұстаздан ілім алмай, мына желілерден ілім алудың арқасында біраз адам адасқан топтарға да ұшырап қалады. Олардың әсерлі (эмоцияға толы) сөздеріне ереді. Сенің мешітіндегі ұстазың әлеуметтік желідегі жұлдыздардан саған мың есе қайырлы, сен оған барсаң саған дініңнің негіздерін, саған міндет заттарды үйрете алады. Ал каналдардан, видеолардан тек қосымша ақпараттар аласын, оның көбі жоғарыда айтылғандай саған пайдасы да жоқ, зияны да жоқ заттар ғана. Біз дінімізді кімнен үйреніп жатқанымызға мұқият қарауға бұйырылғанбыз. Дінде сенің білуің міндет болған заттарды білмесең, ең маңызды құлшылық намазыңның өзі дұрыс болмаса, сенің әсерлі нашидтерді тыңдап, әсерленіп жылауың тек эмоцияға берілгенің болды. Ол имандылықтың белгісі емес. Бұл жазба қатты ұзарып кетпесін деп өте қысқа етіп түсіндіруге тырыстым. Негізі ұстаздан емес, әлеуметтік желіден ілім алудың зардабы жайлы жазсам, тоқтамай жаза беруге болады. Ұстаз ол ұстаз, ал әлеуметтік желідегі жалпы ілімді кісілер иә бәріне ұстаз, бірақ ол сен ілім алу керек болған ұстаздың орнын баспайды! Сөзімді дана халқымыздың сөзімен аяқтайын “Ұстазы жоқтың, ұстазы шайтан”.