Анджелина Джолиден кейінгі махаббатым - детектив жанрындағы фильм, кино, сериал, подкаст, кітап. Құдайдың өзі кешірсін, детектив жанрағы өсекті де ұялмай тыңдап отыра беремін.
Кеше "Түнде атылған оқ" деген қазақтар түсірген детектив жанрындағы сериалды көріп бастадым. Алғашқы бес сериясы сапалы одекалон сияқты бірден бастан тепті. Мұндай әсерді 2014 жылы Мэттью Макконахи қатысқан True Detective-тен алып едім.
Негізі детектив сериал туралы спойлерсіз рецензия жазу оңай емес екенін көпшілік біле бермейді. Сонда да тырысып көрейін. Бұл өзіңе ұнайтын класстас қызға сезіміңді білдіріп қоймай, бірақ үнемі қасында жүруге себеп табу сияқты қиын нәрсе.
Сюжет бойынша, Кеңес үкіметі кезіндегі Қазақстанда оқиға өрбейді. Қабырғада сазарып тұрған Брежневтің суреті мен ескі Москвич көлігіне қарап, 70-80 жылдар деп түсіндім. Екі милиция қызметкері асқан аяусыздықпен жасалған қылмысты анықтау үшін жұмысын бастайды.
Бұл жерде Сэр Артур Конан Дойл мен Агата Кристилер бастап, Джорж Сименандар қостаған детектив жанрының бүкіл үлгісі бар. Яғни, қылмысты кім жасағанын білмейсің, милиция қызметкерлері step by step оның ізін кеседі. HBO сериалдары секілді басты кейіпкерлердің шкафында жасырылған скелеттер туралы да айтылады. Оны асқан шеберлікпен баяндай алған сценаристерге риза болдым.
Плюстері: антагонист жай ғана зұлымдықты жақсы көретін псих емес (Сәлем, соңғы Бэтменді түсірген құртқан Мэтт Ривз). Ол қылмыс жасауға мәжбүр болып, амалсыздан қолын қанға бояғаны жақсы көрсетілген. Бір түсінгенім, егер фильмде жаман адамның мінезін толығырақ ашқан сайын фильм қызық болатын секілді. Ал "Түнде атылған оқта" бұл мәселеге барынша көңіл бөлген. Шоу раннерлер керек кезде көрерменін барынша қорқытып алып, сосын Марвел фильмдерінің ең көркем стилінде ойламаған жерде бір әзіл тығып жіберуді қатты меңгерген екен.
Минустары: Оқиғалар өте жылдам жүреді. Әлде осыған дейін көрген барлық детектив сериалдарда оқиғалар баяу баяндалғандықтан ба, әйтеуір бұл мен үшін нонсенс болды. Уақыты жоқ, бәрін тез көргісі келетіндер үшін плюс болуы да мүмкін.
Білуімше, 15-16 сериядан тұрады. Алғашқы 5 сериясы көңілімнен шықты, әрі қарай көруді жалғастырамын. Еш жерден ұрланбаған, қазақша оригинал детектив көргісі келетін достарыма қарауды рекомендеймін. 8/10
P.S. Бұл сериалдың бас продюсері - студент кезімде ең жақын достарымның бірі болған Жамал Жақсытай. Баяғыда "Қара Аққу" деген кітапты жазған Нассим Талеб "Мен бұл кітапты жазу үшін өмір бойы рухымды таза ұстап дайындалдым. Сол себепті жақсы кітап шықты" деген еді. Жамал да осы сериалды шығару үшін өзін өмір бойы дамытып, рухын таза ұстаған секілді. Әйтпесе, мұндай мықты сериал түсіру мүмкін емес.
Сериал
сілтемесі