TerezeJaqtauy🌁


Channel's geo and language: not specified, not specified
Category: not specified



Channel's geo and language
not specified, not specified
Category
not specified
Statistics
Posts filter


◇ жеңіс

Кейде қатты жалғызсырағанымызда, жанымыз жəй таппай алабұртқанда, қиналғанда көпшілік ортада жүрсек те, əлемнен оқшауланып қалғандай күй кешеміз. Оқшауланып қалатынымыз соншалық, өзімізбен бір уақытта, бір ғаламшарда өмір сүріп жатқан адамдар басқа ғасырда, басқа ғаламшарда өмір сүріп жатқандай болады. Олардың өмір сүру тəртібі мен жұтып жатқан ауасы да басқа сияқты болады да тұрады.

Өмірінде жалғыздықтың дəмін көп татқан адамдардың өзге ғасырлық, өзге ғаламшарлық боп сезіліп тұратыны содан шығар. Мəсенки, Абай. Һəкім жайлы сөз қозғанымызда "Абай заманынан озып туған" - дегенді көп айтамыз. Мүмкін Абайды өз замандастарынан алға оздырған оның жалғыздығы шығар? Абайды ғана емес, қаншама қайраткерлеріміз бен ғұламаларымызды, ағартушыларымыз бен таланттарымызды өзгелерден биікке шығарған, əлі де биіктетіп тұрған сол жалғыздық болар?

Көзі тірі абызымыз Мекемтас Мырзахметұлының қаншалықты көпшіл, қаншалықты жалғыз екенін білмеймін. Тек ол кісінің осы заманғы кейбір адамдардан əлдеқайда алға озып кеткені ғана белгілі. Жеке басының мəселесі аздай, ұлттың, əдебиеттің майданына да түсті. Майданда қанша жараланса да, жеңіс туын өзгенің қолына оңайлықпен ұстата салғысы келмеді. Күресті. Қайтпады. Жеңді. Жəне сол жеңісі өз басының жеңісі емес, күллі қазаққа ортақ жеңіс болды. Ұлттың тарихи жадында алтын əріппен жазылып тұратын жеңіс. Жеңіс құтты бола берсін!

#núrken


○ адамдар кейде бір-бірін айна деп ойлап қалады - бəрі өзгелерден өзін көргісі келеді, əлдекімдерге өзі күткен сұлбаны көрсетпесең, сындырып тастағысы кеп тұрады. егер адамдардың бəрі бір күнде айнаға айналып кетсе, ешкімнің де сұлбасы көрінбей қалады емес пе?


○ Біз күн сайын көркіне тамсанып жүрген табиғат, жалпы жер шары, шындығында шахмат тақтасы, ал əр өңірдегі табиғат туындылары шахмат тақтасының тор көзі боп шықса ше? Тəңірі бізді иллюзияға мас қып қойған боп шықса ше? Жоқ, Ақсу мен Жабағылысы, Машаты мен Түркібасы əулиесі бар мына жер шары шахмат тақтасының тор көзі боп шығуы мүмкін емес.


○ кейде ойлаймын, біздің əрқайсымызды осы күнге жеткізген бізге бала кезімізден бастап берілген сілтемелер жəне сол сілтемесі берілген дүниелерді біздің қалай қабылдағанымыз.


◇ бастау

уақыт кеңістігіндегі құлыптаулы
есіктердің кілтін тауып алсам,
сізге ғашық кездеріме барар ем.
тұрар ем сосын шамы сөнбеген
бөлмеңіздің терезесіне
тас лақтырып. егер кілтті
сіз тауып алсаңыз,
маған ғашық кездеріңізге
барар ма едіңіз, жүрегімнің
терезесіне тас лақтыру үшін?

#nurken


◇ түрме

адамдардың бəрі де жүріп барады
жолдар ешқайда апармасын білсе де.

#núrken


◇ уақыт айнасы

қолымдағы қолсағат пен
бөлмемдегі қабырға сағаты
əлденелерді күбірлеп
əңгіме құрып жатыр
бір-бірінің қолданған сөздерін
айна қатесіз қайталап.
"бұл қайталануға
кім кінəлі?" - деп,
екеуінің де жүзіне қарадым,
екеуі де бір-бірін көрсетіп тұр.

#núrken


◇ махаббат жайлы

таңертең жалғыз ояну
қандай
ғажап:
əлдекімге
сүйетініңді дəлелдеп,
əуре болмайсың
(сезім сөніп үлгерсе де).

Ричард Бротиганнан

#núrken


◇ Ромео мен Джульетта

сен мен үшін өлер болсаң,
мен сен үшін өлемін.
сосын екі мола пайда болар
ландроматта киім жуып жатқан
жұбайлардай.

егер сен кір жуғыш ұнтақ алсаң,
мен ағартқыш ап келем.

Ричард Бротиганнан

#núrken


◇ алғашқы жұлдыз

ымырт.
өзен суы биіктен құлап ағып жатты
маңайды қоңыр салқын лебімен
аймалап.

інім екеуміз
өзен жағасында отырдық сонда.
оған гүлдің жұлдызға
ғашық болғаны
жайындағы
ертегі айтып бергем.

мен ертегімді айтып болған сəтте
інім аспаннан
алғаш боп жылт еткен
жұлдызды байқап қалды дағы:
мына жұлдызға ғашық болған ба?
- деп сұрады.

Ричард Бротиганнан

#núrken


◇ жазу

олар бізді
біз жаза алғандықтан емес,
өздері жаза алмағандықтан
жек көреді,
жігіттер!
жазса,
ең
алдымен
бізді жек көретіндіктерін жазар еді,
өздерін жақсы көретіндіктерін емес.

#núrken


◇ ◇ ◇

аспандағы бұлт -
аузы ашылған жара
уақыттың денесіндегі.
дауыл көшелерді
қанмен жуады,
осы кеште біз
батып кетеміз де,
таңға жуық куə боламыз
аспанда қалып қойған тыртыққа.

Стефан Гончаровтан

#núrken


◇ ◇ ◇

мен өмірге келгенде
менің көлеңкемнен
жыртылған мүшеқаптың
иісі шығып тұрды.
алдын-ала сатып алынған
киімдер де шақ келмеді əйтеу.
алғашқы күні-ақ
жылап жіберуден қорқып,
көзімді тарс жұмып алдым.

Стефан Гончаровтан

#núrken


◇ мерейтой

жер күнді айналуын доғарды.
арада бір жыл өтсе де,
мен əлі он сегіздемін.
біз некемізді қиып та үлгермедік,
əйтсе де,
құдайды
мазақтаймыз кеп
бір жамылғының астында жатып.

Стефан Гончаровтан

#núrken


◇ түн,

жап-жарық.
мүмкін жақын маңда
əлдекім өрт сөндіре алмай
дал болып жатқан шығар,

ал балалар өрт сөндірушіні
тоқтата алмай дал болып
жатқан шығар
қараңғыдан
қорыққандықтан...

Стефан Гончаровтан

#núrken


◇ бейүндестік

мына шексіз бөлме ішінде
əлдекімдердің дауысы
өзгелердің дауысынан
қаттырақ шығатын тəрізді.
əлде мына шексіз бөлме
сол басымырақ дауыстың
бейнесі ме?

#núrken


◇ риторикалық сұрақ

айтыңызшы, олар қай елестің
сүйегін мүжіп жатыр екен
тістерін қышырлатып?

сөздерінен шашыраған
парасатты мақтанның сəулесі
менің алақаныма қанжар боп
қадалғысы келе ме, қайтеді?

біздің сəбилер ғана жүріп өте алар
жалғыз аяқ жолдай көшемізден
артиллериямен өткісі келе ме,
қайтеді, мейірімнен асқан қару жоғын білместер.

#núrken


◇ хэллоуин

менің жүрегімдегі мұңды
жазда жұқтырып алған жапырақтар
күзде сарғыш тарта басатады.
көп ұзамай,
бұтасынан үзіліп
түсіп, көшелер мен
саябақтарда шашылып жатты
адамдардың табаны мен тұяғынан
сескенбей.
адамдардың өзі ғой
бір-бірінен сескенетін
өз бассүйектерін өздері қасып тұрып...

#núrken


◇ шам

біздің шағын ғана қалашықтың
көше бағаналарының əрқайсысына
Исаның денесін іліп қойғандай
шам жарығы əлсін-əлсін дем алады,
болар-болмас сəуле шашып.
құдайдан бейхабар көшедегі
балалардың күлкісінің нұры
шам жарығынан қуаттырақ.

#nurken


◇ ұстара

оның сақалының өскендігі соншалық,
өз бөлмесінен шыға алмай қалды бір күні.
бөлме есігі мен оның кереуетінің арасын
өз сақалы басып қалғасын
тоқтаусыз жауған қардай.
терезесінен де өте алмай қалды
күлімкөз күннің
жарық сəулесі.
ол аздай,
кереуетінен тұра алмай да қалды бір күні.
бойынан əл кете бастағанда ғана түсінді
иегіне тимеген ұстара
өміріне тиетінін...

#núrken

20 last posts shown.

69

subscribers
Channel statistics