Дастан Құрманбаев


Kanal geosi va tili: ko‘rsatilmagan, ko‘rsatilmagan
Toifa: ko‘rsatilmagan


🏛 Нұр-Мубарак ЕИМУ PhD докторанты, исламтанушы
🕌 Байқоңыр қаласының Бас имамы

Связанные каналы  |  Похожие каналы

Kanal geosi va tili
ko‘rsatilmagan, ko‘rsatilmagan
Toifa
ko‘rsatilmagan
Statistika
Postlar filtri


Имам әш-Шафиғиден “Ер азаматтың абыройы неден түседі?” деп сұрағанда “Көп сөйлегеннен, сыр сақтай алмағаннан және кім болса соған сене бергеннен” деп жауап берген екен.


БІЛІМ ЖӘНЕ АМАЛ

Суфиян әс-Сәури деген ғұлама өткен. Имам Әбу Ханифалардың замандасы. Хижри 161 жылы қайтыс болған. Фиқх пен хадистің ғалымы. Ғалымдар оған “Хадис бойынша мүміндердің әміршісі” деген атақ берген.

Ол өзінің білім алуды қалай бастағанын айтады: “Менің білім алғым келді. Бірақ күн көріс те керек болды. Сосын Алладан күн көруіме жеткілікті ризық беруін сұрадым”.

Сол кезде анасы оған: “Балам, сен білім ал. Мен сені өзімнің киім тоқу кәсібіммен асыраймын”, - деп айтады. Сөйтіп тоқудан түскен қаражатқа кітаптарын т.б. керек-жарақтарын сатып алып беріп отырады. Сонымен қатар аналық ақыл-кеңесін де аямайды.

Бірде анасы былай деп ақыл айтады: “Балам, он әріп жазсаң, өзіңе бір қара: Алладан қорқуың, жұмсақтығың, салмақтылығың артты ма, жоқ па? Егер жоқ болса оның саған пайда емес, зиян келтіріп жатқанын білгейсің!”.

📖Қ.: Әс-Сирджани. Әл-Ильм уа бина әл-Умма. 207-б.


ҚҰДАЙҒА ҚҰЛ БОЛУДЫҢ МӘНІ

Құран мен хадис мәтіндерінде “нәпсінің құлы”, “шайтанның құлы” және “дүниенің құлы” деген ұғымдар бар.

Мысалы, “Фурқан” сүресінің 43-аятында Алла Тағала былай дейді: “(Уа, Мұхамммед!) Өз әуейілігін тәңір тұтып, нәпсінің құлы болған мына бейбақты көрдің бе? Сонда оған сен кепіл боласың ба? (Яғни, нәпсіге еріп, күнәға батқаны үшін сен жауап бересің бе?)”. Аяттағы “нәпсінің құлы” деген тіркес “Жасия” сүресінде де қайталанады.

Сондай-ақ “Ниса” сүресінің 118-аятында: “Сол шайтанға Алланың лағынеті жаусын! Кезінде ол Аллаға: «Ант етемін! Сенің құлдарыңнан өзіме тиесілі үлесімді алмай қоймаймын»... деп ант-су ішті”, - дейді. Яғни, шайтан кейбір құлдарыңды өзіме құл етемін деп жатыр.

Ал Пайғамбарымыз ﷺ : “Динардың, дирхамның, қатифаның, хамисаның құлдары сорласын...”, - деп айтқан. (Бухари, Ибн Мәжә) Соңғы екеуі - киім түрлері. Барлығы да дүниеге жатады.

Байқағандарыңыздай, егер адам тура жолдан адасып, өмірдегі миссиясын ұмытса әр нәрсеге құл болады, яғни жоғарыда аталған нәрселердің жетегінде кетеді. Одан тек Жалғыз Жаратушы Иесіне ғана құл болу арқылы құтылады. Сонда барып толықтай азаттық алады. Өз таңдауымен, ерік-қалауымен (қабылдаған иман, ислам талаптарына сай) өмір сүреді.

“(Уа, Мұхаммед, қауымыңа): «Ендеше, уақыт оздырмай, Аллаға жанұшыра жүгіріңдер (яғни, Алланы паналауға асығыңдар). Шүбәсіз, мен сендерге Оның тарапынан келген анық ескертушімін. Алламен қатар басқаны да тәңір тұтып, (Аллаға серік қоспаңдар)! Шүбәсіз, мен сендерге Оның тарапынан келген анық ескертушімін», – деп айт”. (“Зарият” сүресі, 50-аят)


РАМАЗАН - МҮМКІНДІКТЕР АЙЫ

Әне-міне дегенше қасиетті Рамазан айы да келіп қалды. Бұл айды барша мұсылман жұрты асыға күтетіні белгілі. Себебі түсінген адамға, Рамазан - мүмкіндіктер айы.
Пайғамбарымыз (ﷺ): “Рамазан айы келгенде жұмақтың есіктері ашылып, тозақтың есіктері жабылады және шайтандар шынжырланады”, - дейді. (әл-Бухари) Ханафи мазхабының фақихы Шихаб ад-Дин ат-Турибишти (?-1263) бұл жердегі ”ашылуды” былай деп түсіндіреді: “Алла Тағаланың мейірімін жаудыруы және пенделердің амалдары көтерілетін жолдардардағы кедергілерді кетіруі. Оны бірде қолдау көрсетуімен, бірде жақсы қабыл етуімен жүзеге асырады”. (Ғауижи. әл-Кафи фил-Фиқх әл-Ханафи. 2/552)
Байқасаңыздар, көбісі көптен бері бастай алмай жүрген бес уақыт намазды осы Рамазан айында бастап жатады. Көптен бері үйрене алмай жүрген Құранды осы Рамазан айында үйреніп алып жатады. Өйткені Рамазан айында Алла Тағаланың қолдауы айрықша болады.
Ендеше көптен бері бастай алмай немесе аяқтай алмай жүрген істерді Рамазан айында қолға алған жөн. Ислам тарихындағы көптеген жеңістер де осы Рамазан айында болған екен...


Пақыр бейшараның өзіне жақсылық жасағанды жақсы көруі таң қалатын нәрсе емес. Таң қалатын нәрсе - жақсылық жасаушының пақыр бейшараны жақсы көруі.

#ихсан


Қателік атаулының түп тамыры мына үш нәрседе:

1. Тәкаппарлық. Ол Ібілісті қарғысқа ұшыратты.
2. Ашкөздік. Ол Адамды жұмақтан шығарды.
3. Көреалмаушылық. Ол Адамның бір баласын екіншісіне айдап салды.

Кім осы үшеуінен аулақ болса жамандық атаулыдан алыс болады. Шын мәнінде күпірлік тәкаппарлықтан, күнәлар ашкөздіктен, ал қиянат пен қастандық көреалмаушылықтан туады.

Әбу Абдулла Шамсуд-Дин Мухаммад ибн Әбу Бакр әд-Димашқи


Әбул-Қасым әз-Замахшари: "Бала кезімде торғайдың аяғына жіп байлап ойнаймын деп аяғын кесіп алдым. Оны анам көріп қалып "Алла сенің де аяғыңды кессін!" деп кейіді. Үлкейген соң аяғыма жара шығып шынымен-ақ аяғымды кесіп тастады".

АДАМДАРҒА ЖАҚСЫ СӨЗ АЙТЫҢДАР. (“Бақара” сүресі, 83-аят)

Өздеріңді де, балаларыңды да, мал-дүниелеріңді де қарғамаңдар! Өйткені қарғыстарың қабыл болғыш уақыттардың біріне дөп келуі мүмкін. (Муслим)


БІЛІМ АЛАМ ДЕГЕН АДАМДА СЫЛТАУ БОЛМАЙДЫ

Өзі әскери болса да, ел-жерді аралап, ғалымдарды жағалап білім алатын уақыты, мүмкіндігі болмаса да білімге құштарлығының арқасында араб тілі ілімдерінің ғұламасына айналған тұлға туралы жазайын...

Ол - араб тілі мен қырағат ілімдерінің шейхы, Харун Рашидтің екі бірдей баласының (Мухаммад пен Абдулла) тәрбиеші-ұстазы болған Әбул-Хасан Әли ибн Хамза әл-Кисаидің шәкірті - Әли ибн әл-Мубарак Әбул-Хасан әл-Ахмар әл-Маруизи (х. 194 ж. қ.б.). Әл-Азхари "Тахзиб-ул луға" кітабында (1/18) атақты араб тілі ғұламасы Сибауайхтың әл-Ахмармен тартысуға келіп аузына құм құйылып қайтқанын айтады.

Маруизден шыққан әл-Ахмар сол уақыттағы халифат орталығы Бағдад қаласында әскери қызметте болған. Халифа Харун Рашидтің сарайында қақпа күзеткен. Тіл ілімдерін қатты жақсы көрген. Бірақ күзетте тұрмайтын күндерінде болмаса, әл-Кисаидің білім алқаларына көп қатыса алмаған. Сол себептен әл-Кисаидің халифаға келетін күндерін күтіп жүретін болған. Әл-Кисаидің келе жатқанын көрегеннен жүгіріп шығып атын жетектеп жүріп халифаға кірем дегенше тіл ілімдерінен бір-екі мәселе үйренеді. Шығарда да атын жетектеп шығарып салады және тағы бір-екі мәселе үйренеді. Осылайша тіл ілімдерін жетік білетіндердің біріне айналады. Өзі де сондай алғыр, зерек болған...

Бір күні әл-Кисаи тері ауруына шалдығады. Халифа оны балаларына көп жақындатқысы келмей: "Сіз үлкейдіңіз. Біз сізбен қарым-қатынасты үзбейміз. Кез-келген уақытта есігіміз ашық. Бірақ балалардан демалыңыз. Орныңызға біреуді ұсыныңыз", - деп айтады. Әл-Кисаи өзіме бәсекелес болатын біреуді ұсынып қайтем деп әл-Ахмарға келеді де мән-жайды түсіндіреді. Ол: "Менің білімім жетпейтін шығар", - деп қипақтайды. Әл-Кисаи: "Оларға араб тілінен күніне екі ереже, екі бәйт шиғр және бір-екі диалект сөз үйретсең жетеді. Менен келіп күндегісін күнде үйреніп кет те, соларға барып үйрет", - деп ақыры оны көндіреді.

Осылай әл-Ахмар қырық жыл бойы әл-Кисаиге қатынап үлкен ғұламаға, араб тілі ілімдеріндегі айрықша тұлғаға айналады.


Пайғамбар (ﷺ): “Шын мәнінде, кімге жұмсақтық бұйырса, дүние мен ақиреттің жақсылығы бұйырғаны. Сондай-ақ ағайынмен араласу, жақсы мінез, жақсы мәміле қоғамды жақсартады және өмірді ұзартады”, - дейді. (Ахмад)


“Адам үйінен шыққан кезде есігінің алдында екі ту тұрады: біреуі періштенің қолында, екіншісі шайтанның қолында болады. Егер ол Алла жақсы көретін іске шыққан болса, періште туын алып соңынан ереді. Сөйтіп ол үйіне оралғанша періштенің туының астында болады. Ал егер Алланың ашуын шақыратын іске шыққан болса, шайтан туын алып соңынан ілеседі. Сөйтіп үйіне қайтқанша шайтанның туының астында болады”.

📖 Ахмад ибн Ханбал. Муснад. 8286-хадис

Періштенің туының астында болады, яғни Алла оның жақсы ісіне жәрдем береді. Шайтанның туының астында болады, яғни Алла оған ашулы болады.


Бірде Əбул-Хасан əл-Харақани уағыз айтып отырып “Пайғамбарды көргендер бақытты болады” дейді. Сол кезде шәкірті Махмуд әл-Ғази "Əбу Жәхіл пайғамбарды көрсе де бақытсыз болған жоқ па?" деп сұрайды. Сонда ол “Əбу Жәхіл пайғамбарды көрген жоқ! Ол Абдулла ұлы Мұхаммедті көрді. Егер пайғамбарды көргенде сөзсіз, бақытты болар еді" деп "Олардың саған қарап тұрып сені көрмейтіндерін байқайсың" (7:198) деген аятты оқыды да “Пенде көкірек көзімен көре білгенде ғана бақытты болады” деп жауап берді.

📖Әл-Бурсауи. Рух əл-Баян. 2/80


Байқасаңыздыр, Құранда да, хадисте де бізге “Адам баласы” деген қаратпа сөз көп айтылады. Бұл - біздің қайдан шыққанымызды есімізге салу! Шын мәнінде “Бәріміз Адамнанбыз, ал Адам топырақтан” (хадис). Кім болсақ та, қарапайымдылықты сақтайық. Жұма мүбәрәк болсын!


ТӘҢІРШІЛДЕРДІҢ ФИТНАСЫ ЖӘНЕ БІЗДІҢ ПОЗИЦИЯМЫЗ

Исламға тіл тигізіп, жала жауып, оны әртүрлі жолдармен қаралағысы келетіндердің қарасы бүгін ғана байқалып отырған жоқ. Ондайлар Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) көзі тірісінде де, одан бергі ғасырлардың барлығында да болды. Ендеше, пайғамбар (ﷺ) мен сахабалар ондайлармен қалай күресті? Меніңше, олардың күресі екі түрлі форматта болды.

Біріншісі: қарулы күрес. Әлгіндейлер тек тіл тигізумен ғана шектелмей, керісінше жүйені бұзуға бел буған кезде пайғамбар мен сахабалар оларға қарулы соғыс жариялады. Мысалы, Ямама шайқасы.

Екіншісі: көзге ілмеу күресі. Қазақша айтқанда, «Ит үреді, керуен көшеді». Біз жоғарыда бұндай құбылыстың бұрын да болғанын айттық. Бірақ, бұрынғылар тек тіл тигізумен, жала жабумен ғана, әсіресе ғылыми форматта емес, өсек-аяң түрлерінде көрініс тапқандарына көңіл бөлмеген. Себебі, Алла Тағала солай істеуді бұйырған: «Алла сендерге Кітапта мынадай үкім түсірген еді: «Егер (әлдекімдердің) Алланың аяттарына сенбей, мазаққа айналдырып отырғанын естісеңдер, олар басқа әңгімеге көшпейінше, қастарына отырмаңдар. Ал егер түк болмағандай отыра берсеңдер, демек сендер де солар сияқтысыңдар. Шүбәсіз, Алла екіжүзділер мен кәпірлердің бәрін жаһаннамға жинайды» (Ниса, 140), «Аяттарымыз жайлы мазақ пен кекесінге толы алып-қашпа әңгіме айтып отырғандарды көрсең, олар басқа әңгімеге көшпейінше, олардан іргеңді аулақ сал. Егер шайтан саған мұны ұмыттырса, есіңе түсер-түспес сол жерден кетіп қал. Залым қауыммен бірге бір сәт те отырма» (Анғам, 68).

Мысалы, сол кездегі кәпір ақындар Мұхаммед пайғамбарды мазақтап көптеген өлеңдер шығарды. Бірақ, соның бірде-біреуі сақталған жоқ. Себебі, оны мұсылмандар таратпады. Есесіне, Алла, ақирет т.б. рухани құндылықтарды үздіксіз үгіттеп, әділдік, адалдық т.б. адами қасиеттерді тынымсыз насихаттай берді.

Аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқан тәңірші мен жоғарыдағы құндылықтарды, қасиеттерді тек сөзімен ғана емес (!), ісімен де дәледеп жүрген мұсылманды көрген адамның екеуінің қайсысына сенімі ауатыны айдан анық қой. Сол үшін де, мұсылмандар өздерінің сапасын жақсартумен айналысулары керек-ақ. Міне, «Ең үлкен күрес – өзіңмен күрес» (хадис) деген – осы! Сондықтан да, Алла Тағала: «(Уа, Мұхаммед!) Сен сонда да кешірімді бол, жақсылықты бұйыр, сауапты һәм пайдалы істер істе. Ондай надандардан сырт айнал, олардың қылықтары мен сөздерін көңіліңе алма (наданмен надан болма)», – деп бұйырды (Ағраф, 199).

Шын мәнінде, тәңіршілдіктің дін емес екенін немесе тәңіршілердің «адам емес» екенін дәлелдеуге тырысқанымыздан пайда жоқ. Уақытымыз, күшіміз құр босқа жұмсалады. Сол үшін де, Алла Тағала: «Олардың Алладан басқа тәңір тұтып, жалынып-жалбарынатын құдайларына тіл тигізбеңдер. Әйтпесе, олар да надандықпен һәм өшпенділікпен Аллаға тіл тигізіп, шектен шығады. Міне, осылайша әр үмбетке, әр қауымға өз ісін «безендіріп» сондай керемет етіп көрсетеміз. Алайда түбінде барлығы да Раббыларына (Аллаға) қайтады. Сол кезде Раббылары (дүниеде) не істеп, не қойғандарын өздеріне түгелдей айтып береді һәм сол үшін бәрін жауапқа тартады» (Анғам, 108), – деп бұйырады.

Қайта өз сеніміне өзі күмән келтіретін, иманы әлсіз мұсылмандар осындай кездерде діні туралы сұраудың, ізденудің нәтижесінде иманын қайрап алады. Сөйтіп, шынайырақ, күштірек сеніммен (ғалә басиратин) құлшылық-ғибадат жасайтын болады.

Бұл енді менің ойым. Анығын Алла біледі...


Өйткені, шыны керек біз қазір «Бара бергенше, пара бер!» деген ұранмен өмір сүріп жатырмыз. Онсыз оқу, жұмысқа тұру, емделу, бір сөзбен айтқанда өмір сүру қиын болып тұр. Егер жатпай-тұрмай мейірім, әділет және адалдықты насихаттаса, он жылда, ары кетсе он бес жылда буын жаңарады. Ең болмаса, солар адал болар, солар адам болар деген үміт қой...


ПАЙҒАМБАРЛАР ДАҒУАТЫ

Құраның 1/3 бөлігі қиссадан құралады. Оның себебін Алла Тағала: «Осы қиссаны әңгімелеп бер, мүмкін олар ойланып пікір жүргізер», – деп түсіндіреді. («Ағраф» сүресі, 176-аят)

Ендеше Құрандағы қиссалардан, соның ішіндегі пайғамбарлардың қиссаларынан кішігірім ой түйіп көрейік.

Барлық пайғамбарлар қауымдарын Бір Аллаға құлшылық қылулға және Оған ешкімді серік етпеуге шақырған. Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар: «Барлық пайғамбарлар бір-біріне бөле. Шешелері бөлек, бірақ діндері бір», – деп осыны меңзеген. (Бұхари, Муслим)
Сондай-ақ, Құрандағы пайғамбарлар қиссаларынан барлық пайғамбарлардың таухидтен (Бір Аллаға құлшылық қылу) кейінгі көтерген басты мәселелері сол уақыттағы, сол қауымдағы басты проблемалар екен байқауға болады.
Мысалы, Нұх пайғамбардың қауымы Уад, Суағ, Яғус, Яғуқ және Наср деген бес пұтқа табынатын еді. Ол топан суғ азабына дейін ширкпен (серік қосу) күресіп келді. Ол туралы Худ сүресінің 25-26 аяттарында былай деп айтылады: «Нұхты Біз өз қауымына (елші қылып) жібердік. «Шын мәнінде мен сендерге (Алладан өзге ешнәрсеге құлдық ұрмаңдар) деп ескерту үшін келдім. Ақыреттің азабына душар бола ма деп сендер үшін қорқамын», – деді ол». Нұх пайғамбар осылай 950 жыл бойы жатпай-тұрмай дағуат жасады. Ақыр соңында, үмітін үзіп Алла Тағалаға былай деп жалбарынды: «Уа, Раббым! Жер жүзінде кәпірлердің бірде-бірін қалдыра көрмеші. Егер оларды тірі қалдырар болсаң, Сенің құлдарыңды тура жолдан адастырады. Олардан тек қана бұзақы, кәпір ұрпақтар дүниеге келеді. Уа, Раббым! Мені, ата-анамды және үйімнің табалдырығын мұсылман болып аттаған ерлер мен әйелдердің күнәларын кешіре гөр. Ал залымдарға қасірет арттырғайсың». («Нұх» сүресі, 26-28-аяттар)

Ад қауымының ауруы тәкаппарлық еді. Тіпті олар «Бізден күшті кім бар?» деп айтатын болған. Бұл жайында «Фуссилат» сүресінің 15-16 аяттарында былай деп айтылады: «Ешбір жөнсіз тәкаппарланған Ад қауымы: Қуаты бізден асқан кім бар?» – деді. Сонда өздерін жаратқан Алланың олардан да құдіретті, қуатты екенін білмей ме екен?! Олар біздің мұғжизаларымызды (ғажайыптарымызды) мойындамады. Сондықтан да, мына фәни дүниенің өзінде-ақ жазаларын тату үшін Біз оларға бірнеше күн бойы тынбай ысқыра соққан жел жіберіп, қайғыға батырдық. Ал (бақилық өмірде келетін) Ақырет азабы тіпті масқара болмақ. Ешкім оларды қамқорлыққа алмайды». Яғни, Худ пайғамбар көбіне тәкаппарлыққа қарсы уағыз-насихаттар айтты.

Самуд қауымы тау-тасты қашап салған зәулім сарай үйлері, бау-бақшалары т.б. Алла Тағала берген мол ризық-несібелері болғандықтан ақыретте өмір жоқ деп дағуалай бастаған еді. Салих пайғамбар оларға бұл дүниеде мәңгі-бақи қалмайтындарын ескертті. Көп айтатын насихаты да сол болды. Ол жайында «Шұғара» сүресінде айтылады: «Салих оларға... Еш уайымсыз, бейғам күйде тіршілік кешіп жүре берем ғой деп ойлайсыңдар ма? Шынымен-ақ сендер мына жайқалған бау-бақшалар мен сарқыраған өзендердің арасында, тербеле теңселген егіндер мен уылжи піскен жемістері бар құрма ағаштарының арасында, жартастардан тесіп қашап үйлеріңді жасап. Құдайдың (қаһарына ұшырап қалудан) қорқыңдар, менің насихатыма құлық асыңдар». (146-150 аяттар) Бұлардың да ақыры азаппен аяқталды.

Шуғайб пайғамбар көбіне-көп нені насихаттады? Ол: «Уа, жұртым менің! Өлшеу кезінде де, таразыда да әділдікпен, толтырып тартыңдар. Адамдардың ақысын кемітіп, әділетсіздік жасамаңдар. Жер жүзінде әдейілеп бұзақылық жасамаңдар», – деді. («Худ» сүресі, 85-аят) Өйткені, оның қауымы таразыдан жеуді адал қылып алған еді. Олардың да ақыры азаппен аяқталды. Қысқасы, осылай Құрандағы барлық пайғамбарлардың дағуаттарын мысалға келтіре отырып әңгімені жалғастыра беруге болады.

Енді біздің қоғамға келейік. Ең басты проблемамыз не? Менің ойымша, мейірімнің, әділеттің жоқтығы және жем-қор-лық! Барлығы да дүние қоңыздықтан туатын дерттер. Сол үшін адамдар қатыгез. Сол үшін әділетсіз. Сол үшін жемқор...
Сондықтан, пайғамбар жолын жалғастырып, дағуат аманатын арқалап жүрген азаматтар (имамдар, уағызшылар) басқасынан көрі адалдықты көбірек насихаттаулары керек сияқты.

15 ta oxirgi post ko‘rsatilgan.

169

obunachilar
Kanal statistikasi