Қазақтың интегралды дәстүршілі Таласбек Әсемқұлов тәуелсіздік туралы
#tarih #ramw
@Ergenekon_kz
1991 жылы біз егемендікке қол жеткіздік. Ресей империясынан іргемізді аулақ салып, халықаралық құқық субъектіне айналдық. Біздің аспан түспес көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымы штаб-пәтерінің жанында желбіреп тұр.
Әнұранға сенсек, біз аман қалыппыз. Біз көп екенбіз. Демограф Мақаш Тәтімов бірде қазақтың санын 13 миллионға жеткізді.
Бірақ біз қандай халықпыз? Кімдер едік, кімдер болдық? 1456 жылдан бастап бес ғасыр кескілес барысында біз биологиялық ең текті, таза, ғазизлеген қанымыздан айырылдық. Бес ғасырға созылған соғыстың, бес жүз жылдык «кері селекцияның» шығынына ешбір генофонд төтеп бере алмайды. Керей мен Жәнібек, Еңсегей бойлы ер Есім, Салқам Жәңгір мен Абылай заманының қазақтарын былай қойып қойыныз, біз тіпті Абай заманындағы қазақтармен қай жағынан болса да шендесе алмаймыз. Иә, иә, тан қалмаңыз, себебі қандай тайғақ кешуден өтсе де, қазақтың қаны өшіп бара жатқан инерция бойынша Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сияқты тұлғаларды жаратты.
Кері селекцияның нәтижесінен болған биологиялық апат ұлттың бүкіл рухани әлемін күйретті. Егемендік біздің көзіміздегі кіреукені сейілтті. Он төрт жылдың егемендік өмірі барысында біз «асқаралы тұлғамыздың» ішінің кеуек екеніне, мәдениетіміздің «показуха», сырт көрініс қана екеніне, ал надандығымыздың шетсіз-шексіз екеніне көз жеткіздік. Ешбір жұрт надан, ақылсыз болып жаратылмайды. Халық ақылынан жүре айырылады. Біз ақылынан айырылған ақымақ тобырға айналдық. Біздің бұл интеллектуалдық банкроттығымыз қаншаға созылмақ? Біздің «ғылым» деп жүрген нәрсемізге көз салсаңыз, сонда бұл ахуалдың қанша ғасырға созылатынын шамаларсыз.
Біз бір-бірімізді алдап, алаяқ атандық. (Абай атам айтқан «Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман»). Бірақ бір күнде емес. ХѴІІІ-ХІХ ғасырлардағы кенеусіз барымта патшалық Россия кезіндегі алғашкы-ақ қазақ шенеуніктерінің парақорлығына, содан соң социализм кезіндегі жемқорлыққа, жебірлікке ұласты. Бүгінгі алаяқтық осы социалистік жемқорлықтың аясында, арнасында жетілген, «көркейген». Біз бұрынғы метрополияның барлық жаман қасиеттерін, барлық азғын дағдыларын мұраладық.
Эмиграцияда өлген орыстың бір ғалымы былай деп жазған еді: «Шайтандар үшін ең тамаша Конституцияны жазып шығуға болады, алайда ол Конституция қағаз жүзінде ғана қалады. Бейкүнә періштелер қоғамының Конституциясы өте нашар болуы, тіпті оларда ешқандай Конституция болмауы да мүмкін, алайда сол қоғам мүшелерінің арасындағы қатынас ең таза, ең ізгі қатынас болмақ. Ем қонбайтын, алаяқтар мен нақұрыстардан тұратын қоғам ешқандай реформаға қарамастан бір-бірін алдап өмір сүре береді және мүшелері аталған «қасиеттерінен» арылмайынша, ол коғам ешқандай кісілік пен ізгілік туғыза алмайтын рухани бедеу күйінде қалмақ».
Біздің халқымыздың болашағы бар ма? Бар. Ең бастысы, біз тарихтың ең ауыр өткелектерінен жүгіміз ауса да аман еттік. Содан соң біздің санымыз көп, болашақ биологиялық комбинацияларға, болашақ селекцияға жетерліктей көп. Алайда, аяқ астынан керемет болады дегенге сеніп керегі жоқ. Қоғамның алдында сан ғасырлык ауыр еңбек күтіп тұр. Адам оның қайталанбас тіршілігі, құқығы, игілігі, кісілігі мен намысы басты қазынаға, басты құндылыққа айналуға тиіс. «Адам, адам ең бастысы адам. Адам ақшадан қымбат. Адамды ешбір базардан сатып ала алмайсың, себебі олар сатылмайды да, сатып алынбайды да. Адам ғасырлар бойы тәрбиеленіп қана адам болып шығады, бірақ ол ғасырларға уақыт керек», - деген еді Достоевский.
~Таласбек Әсемқұлов, «Аштық және Соғыс» мақаласынан
#tarih #ramw
@Ergenekon_kz