Бүгінгі күннің "ақындарына" қарап, жүрек сыздайды. Кітап беттерін толтырып жатқан сөздер бос, мағынасыз. Ақын деген атауға сай болу үшін тек ұйқас құрау жеткіліксіз. Жаңбырдың дауысына ұқсайтын сырлы сөз, ұлттың ар-намысына айналатын ой жоқ. Қазіргі "ақындар" тереңдікке емес, әлеуметтік желіде "тренд" болуға ұмтылады.
Бірақ бүгін, өзім үшін үлкен құрметке ие сәт келе жатыр: Мұхтар Шахановпен кездесемін. Ол – шын мәнінде сөз өнерінің шебері, рухани көшбасшы. Оның әр өлеңі – елге, тарихқа, адамзатқа айтылған үндеу. "Жалғанды жалпағынан басып жүргендер, сөзіңді тыңдамайды. Бірақ сен сөйлеуден тоқтама!" – деп, өз сөзімен рухымызды оятқан тұлға.
Мұндай адамдармен кездесудің өзі – тәрбие, шабыт, жауапкершілік. Қазіргі жалған поэзияға қарап, Шаханов секілді шын ақындардың жетіспейтінін түсінемін. Бүгінгі "жас ақындар" Мұхтар ағамыздың өсиеттерінен үйренсе, сөз өнерінің болашағы жарқын болар еді.
Мұхтар Шаханов бір сөзінде Гитлердің Шығыс халықтарын мәңгүрттендіру туралы жоспарларын айтқан. Гитлердің идеясы бойынша, бұл халықтарға қарумен емес, мәдениет арқылы үстемдік жүргізу керек. Ол: "Шығыс халықтарын бағындыру үшін оларға күн сайын мағынасыз әндер мен жеңіл күлкіге құрылған шығармаларды тыңдату қажет. Осылайша, олардың ойлау қабілеті төмендеп, рухани әлсіздікке ұшырайды," – деген екен.
Шаханов бұл сөздерді қазіргі жағдаймен байланыстыра отырып, рухани азықтың сапасын сынға алады. Ол халқымыздың мәдениеті мен тіліне жеңіл-желпі, мағынасыз дүние әсер етіп жатқанын ескертеді. Егер біз өз өнерімізді, поэзиямызды, ұлттық құндылықтарымызды қорғап қалмасақ, рухани құлдыққа түсуіміз мүмкін екенін айтады.
Бұл – үлкен сабақ. Мағынасыз әндер мен ойсыз мәдениет тұтас ұлттың болашағына қауіп төндіреді. Сондықтан Шаханов әрдайым ұлттық сана мен рухты сақтаудың маңыздылығын алға тартады.