Эйяфьядлайёкюдль


Гео и язык канала: не указан, не указан
Категория: не указана


Негізі Стивен Киңнің кітаптарын қазақшаға аудару үшін ашылған канал еді
➡️ @meyrkhani

Связанные каналы  |  Похожие каналы

Гео и язык канала
не указан, не указан
Категория
не указана
Статистика
Фильтр публикаций


Алматыда жиһаз сататын дүкендер пирамидасы қалай орналасқан?

Соңғы бір-екі жылда Алматыдағы тұрғын-үй құрылыс және жиһаз нарығын терең зерттеуіме тура келді. Өйткені, биыл екі рет үй алу бұйырды(біреуін қайта сатып жібердім), сондықтан нарықты зерттеу ауадай қажет еді. Үйге керек жиһазды да арзандау әрі сапаласын алу үшін жиһаз нарығына тереңдеп ендім деуге болатын шығар.

Алдында инстаграмда құрылыс компаниялары туралы жазғанмын. Енді жиһаз нарығы туралы айтайық.
Басқа қалаларды білмеймін, бірақ Алматыда жиһаз сататындарды келесідей пирамидаға жайғастыруға болады:

Пирамиданың ең биік нүктесінде каспи арқылы тауар сататындар тұрады. Әдетте ең қымбат баға осыларда. Бұлардың артықшылығы несиеге немесе бөліп төлеуге болады. Жиһаздардың құны биткоинмен бірдей екенін ескерсек, бұл категория көпшілік үшін тиімді болуы мүмкін.

Одан кейінгі қатарда қаладағы ойын-сауық орталықтарында дүкен ұстайтындар жайғасқан. Бұлардың бағасы каспиден сәл арзандау. Бірақ тағы да клиент тарту көзі ретінде бұл кісілердің де каспиі бар және офлайн дүкенге қарағанда каспиде жиһаздарды сәл қымбаттау сатады.

Бағасы жағынан үшінші орында тек инстаграм арқылы жиһаз сататын дүкендер тұрады. Олардың жалғыз - арманы каспиге тіркелу. Олар тайная санта ойнында алғыс келген сыйлық орнына "Каспиде жиһаз дүкенін ашу" деп жазатын шығар. Бірақ Қазақстандағы ең ірі онлайн сауда алаңшасында екінің бірі дүкен аша алмайтындықтан, әзірге тек инстаграмда таргет жасау, бартермен клиент табуға мәжбүр. Сосын не ақшасын қайтармай, не тауарын бермей, клиенттерді лақтыру пирамидасын жасайтын болсақ, осылар бірінші орында тұрады. Құнанбай болыңыз!

Пирамиданың келесі қатарына Ялян, Сәлем, Өжет сияқты сауда орталықтарында, яғни коренной алматинецтердің тілінде айтсақ, барахолкадағы дүкендер кіреді. Бұлар ұсынатын баға өте тиімді. Бірақ дизайн, әдемілік жағынан онша көңілден шықпауы мүмкін.

Ал пирамиданың ең түбінде Өжет сауда орталығының артқы жағында орналасқан складтар бар. Аталған складтарды тауып бару оңай емес. Джок Уик фильміндегі құпия әлем сияқты басқалар түсіне бермейтін өзіне тән заңмен өмір сүреді. Бұл Алматыдағы ең арзан әрі сапалы жиһаздар сатылатын жер. Оларды инстаграмнан таппайсыз. Ал каспи дүкен не екенін де білмеуі мүмкін. Әдетте пирамиданың жоғары жағындағы дүкендер осы Өжет жақтағы склдаттардан 2-3 есе арзанға сатып алып, соның арқасында пайда көретін секілді.

Дисклеймер: Бұл посттағы мәліметтер нақты статисика негізінде жазылмаған. Қате ақпарат болуы да мүмкін. Жиһаз сатып аларда өзіңіз зерттеп көріңіз.


«Бізде интернет өте қымбат» деп жылайтын адамдарды түсінбеймін. Меніңше, өзінің әділ бағасын алмаған екі нәрсе болса, оның біреуі - интернет, екіншісі - Қазақстандағы мұғалімдердің айлығы. Ақырет күні қазақстандық екі министр Құдайдың алдында жауапқа тартылғанда, Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин интернетті тым арзан сатқаны үшін, ал Білім және ағарту министрі Ғани Бейсембаев мұғалімдерге аз айлық бергені үшін азапталуы мүмкін. Анығын бір Алла біледі.

Сахаба Әли ибн Әбу Толиб «Маған Құранның бір әрібін дұрыс оқуды үйреткен адамның 40 жыл құлы болуға дайынмын» деген сөзі бар. Бұл жерде Құран сөзін «білім, ғылым» деп те түсінуге болады. Осыдан кейін білім беретін адамның мәртебесі мен табысы өте жоғары болуы керек деп ойлаймын.

Ал интернет туралы айтатын болсақ, қазір интернетсіз ештеңе істеу мүмкін емес. Тіпті, саған айлық түскенін тексеру үшін де телефоныңда 4G деген жазу шығып тұру керек. Кезінде Рим империясын уатсап чатсыз құрған кісілер болды. Бірақ бүгін 3 кластас бір жерде шай ішу үшін уатсапта 10-15 рет хат жазысып, белгіленген жерге онлайн картаның көмегімен барады. Блог түсіріп әлде пост жазып айына миллиондап ақша табатын блогерлер интернет үшін бар-жоғы 10-15 мың төлейді. Осыдан кейін «мен адал ақша тауып жүрмін» деп қалай ұялмай айтуға болады?

Кезінде Әбу Ханифа деген ұлы ғалым өткен. Ол кісі бірде базарға барса, бір адам өнімін тым арзан сатып жатыр екен. Оны көрген Әбу Ханифа бұл затты екі есе қымбат сатуың керек деп, сатушының сұраған ақшасынан екі есе көп беріпті. Егер Әбу Ханифа осы заманда өмір сүрсе, Цифрлық даму министрлігі интернет тарифін әділ бағаға көтермейінше, мүлдем интернет қолданбайтын еді деп ойлаймын.

Егер интернет қымбат болса, адамдар қайтадан көбірек кітап оқитын еді. Өйткені қымбат интернетпен сағаттап тиктокта жату үшін мұнай компаниясында жұмыс істеуің керек. 

«Қиын заман мықты адамдарды тудырады, мықты адамдар жақсы заман жасайды, ал жақсы заман әлсіз адамдарды тудырады» деген сөз бар. Сол сияқты «арзан интернет әлсіз адамдарды тудырады» деп айтуға болатын секілді.


Бұрын "шапан, тақия кию арқылы өз елімді сүйетінімді көрсетемін" деп ойлайтын едім. Тура осы ойды қазір ұлттық нақышта киім тігетін дүкен маркетологтары сәтті пайдаланып жүр. Тіпті, кейбір компаниялар "Бүгін бізде qazaq day. Бүгін бәріміз жұмысқа ұлттық нақыштағы киімдермен жұмысқа келеміз" дегенді шығарыпты.

Бірақ бұл ұзақ жылдар бойы басқа бір империя қол астында бодан болған халықтарға тән нашар қылық сияқты. Мысалы, "Хей, қараңдар! Мен өз ұлттық киімімді кие аламын және маған ешкім ештеңе істей алмайды" деген бодандық комплекстен шыққан идея болып көрінеді маған.

Киімнің ең басты функциясы не? Жауап: ыңғайлы болу және әурет жерді жауып тұру. Егер шапан сізге ыңғайлы болса және үстіңізге жарасып тұрса, оны "өзімнің қазақ екеніммен мақтанамын" деген мақсатпен емес, жай киім ретінде қолдануға болады.

Баяғыда суфистермен пәтерде бір жарым жылдай бірге тұрдым. Олар тамақты өте аз жейтінін (маған көп тамақ қалатын) және көркем мінез иесі екенін есепке алмағанда, күнде кешке пайғамбардың өмірін мұғжиза мен моральға толытырып, қызық хикаялар айтып беретін еді.

Сондай хикаялардың бірінен мына әңгіме есімде қалыпты: Түркияда өте тақуа жігіт өмір сүрген екен. Күн сайын ол Алладан "Егер Пайғамбарымыз қазіргі уақытта өмір сүрсе қандай киім киетін еді?" деп сұрай береді екен. Бір күні әлгі тақуа жігіттің түсіне пайғамбар классикалық кастюм-шалбармен кіріп келіпті. Кез келген дүниеден мораль тауып алатын суфистер "иә, пайғамбарымыз осы заманда өмір сүрсе кастюм киеді екен ғой" деген байламға келген.

Жалпы айтқым келгені, white collar worker мен blue collar worker үшін де шапан өте ыңғайсыз сияқты. Жұмыс берушілер өз қызметкерлерін шапан әлде басқа да ұлттық нақыштағы киімдер киюге мәжбүрлеу арқылы, жұмысқа деген фокус жоғалуы мүмкін. Яғни, өнімділік азайып, фокустың бәрі киімде болады.

Қазіргі Қазақстанда патриот екеніңді көрсетудің екі жолы бар:
Қымбат жолы: уақытында салық төлеу;
Арзан жолы: қазақша сөйлеу.

P.S. Тәуелсіздік күні құтты болсын 🇰🇿


Анджелина Джолиден кейінгі махаббатым - детектив жанрындағы фильм, кино, сериал, подкаст, кітап. Құдайдың өзі кешірсін, детектив жанрағы өсекті де ұялмай тыңдап отыра беремін.

Кеше "Түнде атылған оқ" деген қазақтар түсірген детектив жанрындағы сериалды көріп бастадым. Алғашқы бес сериясы сапалы одекалон сияқты бірден бастан тепті. Мұндай әсерді 2014 жылы Мэттью Макконахи қатысқан True Detective-тен алып едім.

Негізі детектив сериал туралы спойлерсіз рецензия жазу оңай емес екенін көпшілік біле бермейді. Сонда да тырысып көрейін. Бұл өзіңе ұнайтын класстас қызға сезіміңді білдіріп қоймай, бірақ үнемі қасында жүруге себеп табу сияқты қиын нәрсе.

Сюжет бойынша, Кеңес үкіметі кезіндегі Қазақстанда оқиға өрбейді. Қабырғада сазарып тұрған Брежневтің суреті мен ескі Москвич көлігіне қарап, 70-80 жылдар деп түсіндім. Екі милиция қызметкері асқан аяусыздықпен жасалған қылмысты анықтау үшін жұмысын бастайды.

Бұл жерде Сэр Артур Конан Дойл мен Агата Кристилер бастап, Джорж Сименандар қостаған детектив жанрының бүкіл үлгісі бар. Яғни, қылмысты кім жасағанын білмейсің, милиция қызметкерлері step by step оның ізін кеседі. HBO сериалдары секілді басты кейіпкерлердің шкафында жасырылған скелеттер туралы да айтылады. Оны асқан шеберлікпен баяндай алған сценаристерге риза болдым.

Плюстері: антагонист жай ғана зұлымдықты жақсы көретін псих емес (Сәлем, соңғы Бэтменді түсірген құртқан Мэтт Ривз). Ол қылмыс жасауға мәжбүр болып, амалсыздан қолын қанға бояғаны жақсы көрсетілген. Бір түсінгенім, егер фильмде жаман адамның мінезін толығырақ ашқан сайын фильм қызық болатын секілді. Ал "Түнде атылған оқта" бұл мәселеге барынша көңіл бөлген. Шоу раннерлер керек кезде көрерменін барынша қорқытып алып, сосын Марвел фильмдерінің ең көркем стилінде ойламаған жерде бір әзіл тығып жіберуді қатты меңгерген екен.

Минустары: Оқиғалар өте жылдам жүреді. Әлде осыған дейін көрген барлық детектив сериалдарда оқиғалар баяу баяндалғандықтан ба, әйтеуір бұл мен үшін нонсенс болды. Уақыты жоқ, бәрін тез көргісі келетіндер үшін плюс болуы да мүмкін.

Білуімше, 15-16 сериядан тұрады. Алғашқы 5 сериясы көңілімнен шықты, әрі қарай көруді жалғастырамын. Еш жерден ұрланбаған, қазақша оригинал детектив көргісі келетін достарыма қарауды рекомендеймін. 8/10

P.S. Бұл сериалдың бас продюсері - студент кезімде ең жақын достарымның бірі болған Жамал Жақсытай. Баяғыда "Қара Аққу" деген кітапты жазған Нассим Талеб "Мен бұл кітапты жазу үшін өмір бойы рухымды таза ұстап дайындалдым. Сол себепті жақсы кітап шықты" деген еді. Жамал да осы сериалды шығару үшін өзін өмір бойы дамытып, рухын таза ұстаған секілді. Әйтпесе, мұндай мықты сериал түсіру мүмкін емес.

Сериал сілтемесі


"Ла ла лэндті" қайта көріп шықтым

М
ен бұл фильмді қайталап көруге қорқып жүр едім. Өйткені кезінде жүрегімізге жақын келген жылы дүниелерді қайта ақтарғанда одан өзімізді таппай қалуымыз мүмкін.

Бірақ жеті жыл өтсе де "Ла ла лэнд" әлі де сол баяғыша көрерменін қайғыртып, тіпті алғаш көрген кездегіден әлде қайда күштірек әсер береді. Бұл нағыз кәсіби мамандар жасаған керемет туынды. Ең бастысы ешкім күтпеген финалмен аяқталады. Бірақ барлығы дәл солай аяқталуы керек сияқты. Кино қалай бітетін білсең де, қайталап көргеннің өзінде жүрегіңді қақ айырып, соңғы сценасы көңіліңді тебірентіп жібереді.

Режиссер Дамьен Шазелл бұл фильмге тура мағынада жан дүниесін беріп жұмыс істегеніне толық сенімдімін. Ол «Ла ла лэндтің» алдында түсірген «Одержимость» деген фильмінде «махаббат әлде карьера? қайсысын таңдаған дұрыс» деген тақырыпты қозғай бастап еді. Ал «Ла ла лэндте» бұл мәселе басты факторға айналды. Менің ойымша, Дамьен Шазелл «махаббат әлде карьера» деген таңдауды өз басынан өткізіп, карьераны таңдаған адамға ұқсайды.

Дамьен түнгі екіде ұйқысынан оянып кетіп, сол махаббатын ойлап, қаншалықты өкінетінін білмеймін, бірақ таңдаған карьерасы керемет өтіп жатыр деп ауыз толтырып айтуға болады. Түсірген фильмдеріне қарап, тастап кеткен махаббаты да сұмдық болған сияқты деп ойлаймын.

Бұл жердегі жалғыз проблема (егер оны проблема деп айтуға келсе, әрине) Шазелл бұдан кейін дәл осындай деңгейде мықты фильмді түсіре алмайтын шығар. Оған себеп, оның нашар режиссер болып қалғаны әлде басқа мәселеде емес. Өйткені «Ла ла лэндтен» артық мықты фильм түсіру мүмкін емес, просто. Миямен бірге отырған кезде Себастьян «When you get this you gotta give it everything you got. Everything» дейтін еді ғой.

Дамьен Шазелл «Ла ла лэнд» үшін бүкіл жан дүниесін берді. Ал фильм 70 жыл өтсе де ескірмейді..

(Төлеген Байтүкеновтен)


Дәм сезу қабілетім жоғалған кезде тамақ туралы көп ойланып, тұз туралы подкаст тыңдадым..

Біздің ата-әжелеріміз (бұл жерде совет одағында өмір сүрген емес, жалпы барлығын айтып тұрмын) біз сияқты дәмді тамақтарды ешқашан жемеген екен.

Мысалы, бұрын адамдар тамаққа тұз қоспайтын болған. Себебі ол стратегиялық маңызды дүниелар қатарында еді. Қыс ұзақ. Сол үшін бүкіл тамақты тұздап, қысқа дайындалу қажет. Үйде 20 адамға арнап, 6 ай қыстың тамағына қаншама тонна тұз керек екенін де есептей беріңіз.

Сананы тұрмыс биледі демеңіз, бірақ бұрын "үйде біреу қайтыс болды" дегенге қарағанда "үйде тұз бітіп қалды" деген қайғылырақ естілетін еді. Өйткені, бір адам өлсе ештеңе емес, ал тұз бітсе үйдегінің ешқайсысы қыстан аман шықпауы мүмкін.

Яғни, таңғы асқа тұз қосылмаған нан жейсіз, түсте тұзсыз, тек шалғамнан тұратын салат жейсіз. Ал кешке ет. Бірақ тұзсыз. Тұз қосылмаған еттің дәмін елестетіп көріңіз де, бүгінгі бағасы 120 теңгеден аспайтын тұздар үшін шүкір етіңіз. Тұз - орта ғасыр үшін айфон 15 тең. Ал дәмдеуіштер -  орта ғасырдың айфон 15 про максы болған.

Асқабақ дәмімен латте сатылатын дәуірде өмір сүргендіктен, біздің дәм сезу рецепторларымыз Құдайын ұмыта бастады деуге болады. Орта ғасырда тұзы жоқ тамаққа Үндістаннан алып келген специяны қосып, алғаш рет дәмін татқан адам өзін ғарышқа барып келгендей кайф алатын. Келесіде осы специя үшін ол басқа біреуді өлтіруге де дайын болуы мүмкін. Меніңше, сол кезде талай қыз махрға бір қапшық специя сұраған да шығар.

Тіпті, Ұлы географиялық жаңалықтардың өзі белгілі бір деңгейде тұздың жетіспеуі мен специялардың керемет дәмі үшін жасалған сияқты. Ғылымның дамуына "анау себеп болды, мынау себеп болды" деген философиялық далбаса ойларды тастап, дәмді тамақ жеу > аштық секілді қарапайым нәрселерге бір назар аудару керек..


Тұмау әлде ковид, әйтеуір бір сұмдық вируспен ауырып жатырмын. Белгісіз аралға түскен Робинзон Крузо сияқты басында қанша күн үйде жатқанымды санамақшы болып едім, сосын оған да қолды екі-ақ сілтедім. Осы уақытқа дейін тұмаумен бұлай ешқашан ұзақ ауырмаппын. Тіпті, адамзаттың әже жауына айналған пандемия кезінде бұлай сырқаттанбаған шығармын.

Күнде температура 39 градусқа дейін көтеріледі, ал алақаным 2002 жылы қайтыс болған адамдыкі сияқты. Яғни, мұздай. Бұл әлемде парадокс көп, бірақ дәл осындай парадоксты көріп, онсыз да әрең тұрған шатырым қатты қозғалып кете жаздады.

Шатырым қозғалды демекші, басым сұмдық ауырып тұрған сәттің бірінде инстаграмды өшіріп, "бұл ортаға енді испан тілінде еркін пост жаза алатын кезде қайта ораламын" деп асығыс серт етіп жіберіппін. Енді инстаграмдағы қызық рилстарға тезірек оралу үшін күнде кешке испан тілін оқып жүрмін мәжбүрлі түрде.

Антибиотик, сироп, таблетканың бәрін қолданып көріп, бүгін ес жия бастадым. 2007 жылдан бері Реал Мадридтің бірде-бір матчтын өткізіп алмағам. Бірақ осы бірнеше аптада ешқандай футбол қарауға ынта болмады (бұдан кейін өзімді қалай ұялмай Мадридистамын деп айта аламын?).

Мораль #1: Қараша айында бір отырғанда 1 кг балмұздақты жалғыз жемеңіз;
Мораль #2: Испан тілін үйренбейінше инстаграмға кірмеймін деп асығыс уәде бермеу керек. Өйткені, енді мем картинкаларды инстаграмда емес, ыңғайсыз уатсап чатта жіберуге тура келіп жүр..

P.S. Ауырмаңыздар!


Өмір керісінше болса қалай болар еді? А-ля Бенджамин Баттон

Елестетіп көрейік: Алдымен адамдар рухыңа дұға жасап, жаназаңды шығарады. Одан кейін туысқандарың мүрдеңді қабірден қазып алып, үйіңе алып келеді. Үйде мамаң сені жоқтап, жылап жатады. Сосын ештеңе істемей, сасық шалдар сияқты балаларыңның миын ашытасың, немерелеріңді көтеріп еркелетесің.

Біраздан соң бойыңдағы сырқатың тарап, ақырындап жасара бастайсың, пенсияңды алып жүріп, шаршамайтын жұмыста істеп жүресің. Бір уақытта тістерің қайта шығып, әйеліңмен төсек қатынасына ораласың.

Жайлап-жайлап жұмыс қиындай бастайды, ал айлығың азая бастайды. Қызмет орныңнан түсе бастайсың, бірақ бұл сен үшін проблема емес, өйткені уақыт өткен сайын саған әйелдердің барлығы ұнай бастайды. Кейін бала-шағаң мектепке барады, олардың болашағын ойлап басыңды қатырмайсың.

Бір кезде сен де әйелдерге тартымды боласың, тойларда, отырыстарда жақсылап билей алатын, ауыр жүктер көтере алатын жағдайда боласың. Осылайша, бір күні өзіңнің де үйлену тойың болады. Тойдың ертеңіне әйелің өз үйіне кетеді.

Достарыңмен қалағаныңша футбол ойнап, таңға дейін үйге келмей қуу басталады. Кейін универде оқу үшін жұмысыңды тастайсың. Ол жақта да оқу онша маңызды болмайды, себебі бірінші курстың қыздарын сындырып, зачёт тапсырумен жүресің.

Группаластарыңның туған күніне барудан қолың тимейді. Ешқандай емсіз-ақ гастритің жоғалып, қалағаныңды ішіп-жеп жүресің. Кейін ата-анаңның жанына ораласың: тамақ істеу, кір жуу, үй жинау сияқты істерге басыңды ауыртпайсың.

Мектепте бұрыннан сен білетін нәрселерді үйрететін болады. Алғашқы темекіңді тартып, темекіні де тастайсың. Бірінші дискотекаңа барып, қыздарға да қызықпайтын боласың. Кейін оқуға да баруды қоясың, таңнан кешке дейін далада ойнайап, балмұздақ жейсің.

Кейін жүруді де ұмытасың, рахаттанып тек бесікте жатасың. Адамдар сүйкімді түріңе қарап әуестері келіп сенімен ойнайтын болады. 24 сағат бойы емшекке қолың жететін болады. Біраз уақыт өткеннен кейін, жылы және рахат, ауа райы өзгермейтін, маса шақпайтын, ешкім тиіспейтін бір жерге барасың. Сол жерде соңғы 9 айыңды өткізіп.. ақыры оргазмнан ӨЛЕСІҢ..


Журфакта оқып жүрген кезде бір әдемі қыз болатын. Бой десе бойы, ой десе ойы дей ма сондай бір міні жоқ адам сияқты көрінетін. Сосын жақынрақ тани келе, әлгі қыз конспиролог екенін білдім. Басында бұл ауа арқылы әлде басқа да жолмен жұғатын аурудың аты ма деп ойлап қалғанмын. Сөйтсем, бүкіл әлемді массондар басқарады дейтін адам ойына кіріп шықпайтын теорияларға сенеді екен.

Қазақша аудармасы "қастандық теориясы" деп аталады. Меніңше, бұл қате аударма. Ал дұрысын әлі ойлап таппадым кездестірмедім.

Кеше осы конспирология қалай пайда болады деген тақырыпта бір подкаст тыңдадым.

Қастандық теориясының (дұрыс қазақша баламасы табылғанша осы сөзді қолдана тұрамын енді) ең басты шарты - ол логикаға сай болуы тиіс. Яғни, сексендегі әжең уатсап не екенін түсінбесе де, сен айтқан теорияны түсіне алатындай қарапайым болуы керек. Мысалы, америкалықтар Айға қонбаған, оны Стэнли Кубрик Голливудтағы студияда түсірген дейді. Былай қарасаң, түсірілім сапасы мен Голливудтағы студияларды көріп, шынымен де солай болуы мүмкін деп ойлап қаласың.

Сосын ковид кезінде қазақтардың көпшілігі "өкімет аспаннан у шашып жатыр. Бізді уламақшы" деп айқай салып, тіпті ковидті қолдан жасады деген теориялар айтылды. Конспирологиялық теориялардың ішінде маған ең қатты ұнайтыны мынау: интернет тарататын мінбелер онкологиялық ауру тудырады дейтін теория. Егер сіз тұратын аймақта интернет дұрыс жұмыс істемесе, бірден министр Бағдат Мусинді боқтауға асықпаңыз. Өйткені, осы теорияға сенетін әрі акимат жақта танысы бар көршіңіз интернет вышкасын әдейі алдырып тастаған болуы мүмкін.

Дэйл Карнегидің "Досың кім екенін айт, сенің кім екеніңді айтамын" дейтін сөзі бар ғой. Сол секілді "қандай подкаст тыңдайтыныңды айтсаң, сенің басыңда қандай ой бар екенін айтамын" деуге болатын шығар.

Конспирология жайлы подкастты тыңдап болып және Словенияға ұтылған Қазақстан құрамасының матчтына қатысты свежий балғын қастандық теориясын ойлап таптым.

Опшым: Қазір біздің бапкеріміз - Ресейлік Магомед Адиев. Ал Ресей футбол тарихындағы ең ауыр әрі қатты тиген жеңілістердің бірін осы Словения командасынан алған. 2009 жылы әлем чемпионатына іріктеу матчтында фаворит саналған Ресей құрамасын словендер тақырға отырғызып кетті. Жігіттер қызымен ажырасқан соң 10 жыл өтсе де сүйіктісін ұмытпайтыны секілді, орыстар да бұл жеңілісті тура солай ешқашан ұмытпайды.

Енді кеше ресейлік Магомед Адиев командасына жеңіс керек екенін біле тұра, сүреңсіз ойынға 80 минутқа дейін өзгеріс жасамады және талай рет бізге жеңіс голын әкелген Абатты Бенземаны 92-минутта алаңға шығарды. Неге 93-минутта шығармады екен? Өйткені, 92 деген санға қарағанда 93 әдемірек қой. Ресейліктер бізді өздерінің кіші інісі сияқты көретін империалистік ойы барын ескере отырып, кеше Адиев бұл матчты Ресей футбол федерациясының сұрауымен әдейі ұтылып берген деген конспирологиялық ой келді.

Яғни, егер кеше словендерді ұтып кетсек, Қазақстан Ресейден де күшті футбол ойнайды екен шамадағы ой келуі мүмкін. Онсыз да бүкіл әлемнен мәдени cancel алып жатқан халық үшін "қазақтардан да нашармыз ба не?" деген пікір ауыр тиетін шығар. Сол себепті Адиев 140 млн орыс үшін бір матчты жеңілгенде тұрғанда не бар деген сияқты..

Дисклеймер: Бұл жай ғана қастандық теориясы екенін ұмытпаңыз. Мен Магомед Адиев матчты сатты деп айыптап жатқаным жоқ.


2018 жылы америкалық қара нәсілді танымал рэпер Кэндрик Ламар Алабамада өткен концертінде сахнаға ақ нәсілді бір қызды шақырып, «M.A.A.A.D city» атты әнін бірге орындайды. Ән арасында "N*gga" деген сөзді сахнаға шыққан ақ нәсілді қыз да айтып қалады байқамай. Сол сәтте концерт бірден тоқтап, әлгі ақ нәсілді қызды N-нан басталатын сөзді айтқаны үшін Ламар ұрыс шығарып, оны сахнадан қуып жібереді. Сол кезде бұл концертті Астана төрінде отырып, ата-бабасы ешқандай құлдық әлде нәсілшілдік кемсітуді білмей өткен мен үшін аталмыш жағдай түсініксіз болды. Терісінің түсі ақ адам «н*ггер» деген сөзді айтқанында тұрған не бар деп қатты таңғаланғанмын. Оны түсінуге «Том көкенің лашығы» атты кітап көмектесті. 

Америкалық жазушы Һарриет Бичер-Стоу 1852 жылы «Том көкенің лашығы» атты кітапты жазып шығады. Аңызға сенсек, Америкадағы құлдыққа қарсы азаматтық соғыстың басталуына осы кітап себепші болған дейді. Себебі мұндағы баяндалған құлдардың ауыр өмірі мен құл иеленуші адамдардың жауыздығы қаншама адамның көзін ашқан деседі. 

Абай жолын оқыған адамдардың бәрі жылайтын бір көрініс: Құнанбай мен Бөжей арадағы араздықты жою үшін емшекте жатқан кішкентай Кәмшатты шешесінің бауырынан жұлып алатын жері бар. Тура сондай жағдай «Том көкенің лашығы» кітабында өте көп кездеседі. Қара нәсілді құлдардардың баласын ата-анасынан тартып алып, сатып жіберген кездегі ауыр қайғыны Бичер-Стоу асқан шеберлікпен суреттеген.

ХІХ ғасырда жасалған айуандықты көз алдыңа дәлме-дәл келтіреді. Таугүл-3 ауданында кітап оқып отырсам да, кітаптағы зұлымдықтар көрші бөлмеде жасалып жатқандай әсер алдым. Ал ата-анасынан тартып алып, құлдыққа сатып жіберілген балалардың жылаған үні әлі құлағымда жаңғырып тұр. Қазіргі VR көзілдіктер ешқандай жауыздықтың бейнесін бұл кітаптағыдай шынайы көрсете алмайтын шығар. 

Сабыр деген не? 

Сахаба Омар «Сабыр – басыңа келген қайғыға ештеңе жасамай, бұратылып жату емес. Сабыр - сол қайғыны жеңу үшін тоқтаусыз күресу» деген екен. Тура осы идея «Том көкенің лашығы» кітабында айтылады. Мысалы, басты кейіпкерлер Том көке және Элиза мен оның ұлын қожайыны сатпақшы болады. Том тағдырға мойынсұнып, өзін залым адамға сатайын деп жатса да тырп етпейді, ал Элиза өзін және ұлын құтқару үшін мұзды суға секіріп, қараңғыда адасып, аяғына тікен кірсе де азаттыққа жету үшін жүгіреді және түбінде еркіндік алады. 

Қазақтың жиіркешті мақалы

Бізде «бала – белде, қатын -жолда» деген жиіркенішті мақал бар. Яғни, әйел мен балаларыңды асырай алмасаң, тастап кете бер. Өмірің болса әлі талай үйленіп, талай баланы дүниеге алып келесің деген месседжді айтады. Тура осы мақалды америкалық құл иеленуші плантаторлар бір құлдың әйелі мен баласын басқа біреуге сатып жібергенде оны жұбату үшін «Балаң – беліңде, қатын әлі саған табылады. Уайымдама» деп жұбататын болған. Осы мақалмен өзінің әлсіздігін ақтап алғысы келетін еркектер Құдайдың қаһарына ұшыраған құл иеленушілерден айырмашылығы жоқ екенін түсіну керек. 

Кітаптағы алтын сөздер
«Тағдыр бізге көп нәрсені екі рет ұсынуы мүмкін, бірақ ана бір рет ғана беріледі және сенде басқа шеше болмайды» дейтін жері бар. Алыстағы Мамамды сағынып жүрген мен үшін мына сөз басыма мұздай су боп төгілгендей әсер етті. 

«Менің бетіме лақтырған әділеттіліктің тасын бағалы гәуһар тас деуге болады. Көзделген жерге дәл тигені сонша, оның не екенін бірден аңғара алмадым»

«Өлім бізді өмірдің дәл ортасында қуып жетеді»

«Кішкентай сәбиден артық нағыз демократ болмайды»

Еркіндік деген не? 
Кітап эпилог ретінде азаттық деген сөзге анықтама бере келіп, кітапты былай аяқтайды: Егер бұл елде бір адам еркін болмаса, оның құқығы тапталса, біз қалай бүкіл ұлтты азат деп атай аламыз? 

10/10 
Барша кітап сүйер қауымға рекомендеймін.


Нағыз грек - грек емес, нағыз грек - оливковое масло деген сөз бар. Екі аптадан бері тек көне грек феномені туралы подкаст тыңдап жүрмін. Бұған дейін "егер уақыт машинасы болса, 2019 жылдың желтоқсанына оралып, Ухань қаласында жарқанат жеуге бара жатқан адамға екі бургер апарып беретін едім" деп ойлаушылар қатарында болғанмын. Енді уақыт машинасына отыру бақыты бұйырса, бірден біздің заманымызға дейін 500 жыл бұрынғы Жерорта теңізі жаққа тартып кетемін.

Неге дейсіз ғой? Қазіргі уақытта біз этика, эстетика деп санайтын, яғни адамзатты махлуқтан сәл басқашалау ететін ұғымдардың бәрі сол көне грек жерінде пайда болған.

Тіпті, ең алғаш ақшаға отанын сатқан адам да грек еді. Парсылар жыл сайын Грекияға шабуылдап отырған. Бірақ фитнес залдан шықпайтын ірі денелі грек жігіттерінен таяқ жеуден шаршап, соғыс тактикасын өзгерту туралы шешім қабылдайды.

Енді қолына қару алып, майданға аттанбай, Грекиядағы ең танымал блогер оратор Демосфенге ақшалай қолдау көрсетіп, жұрт алдындағы лекцияларында парсыларды мақтайтын жарнамалық интеграция жасайтын.

Көне грек мәдениетінің кеңінен таралуына Александр Македонскийдің "Бүкіл әлемді 10 жылда жаулап алу" деген инновациялық стартапы да өз үлесін қосқан.

Алекең бізге почти күйеу бала болған екен ғой. Бактрияның (Қазіргі Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан аймағы) Раушана (Гректер оны Роксана деп атаған) есімді ең сұлу қызына үйленген. Александр Раушананы кездестіргенге дейін гомосексуал болған деген де өтірік-шыны аралас дерек бар. Шамамен, осы Раушанамен жолыққанда, гей болу онша тиімсіз екенін түсіген-ау. Опшым, тарихшылардың суреттеуінше, Раушана - сол заманның Анджелина Джолиі болған деседі.

29 жасына қарай Ескендердің шатыры қозғала бастаған. Яғни, психологиялық ауытқу белгілері пайда болған. Меніңше, 23 жастағы пацанға "Сен Құдайсың, негізі әкең Филипп емес, Зевс" десе, кез келген адамға психолог көмегі керек болады деп ойлаймын. Иә, көне Гректерде ғылым-білім қарқынды дамығанына күмәнім жоқ, бірақ "Өзін Құдаймын" деп есептейтін адамға б.з.д 4-ғасырда жақсы психолог табу қиын еді.

"Александр бүкіл әлемді жаулау үшін өмір сүрген, көзі байлыққа тоймайтын залым болған" деген тарихи түсінік бар. Ал меніңше, ол Грекиядан Орта Азияға дейінгі соғысының бәрін Раушана сияқты қызды іздеу үшін ұйымдастырған секілді. Яғни, жан тыныштығын іздеген. Екеуі үйленген сәттен бастап Александр соғысты азайтқаны белгілі. Бірақ, ол сүйіктісінің жанында ұзақ бола алмады. Өйткені, өлім деген нәрсе "ок, бақытыңды тапқан екенсің, енді өміріңді ұзарта тұрайын" демейді. Дәм-тұзың таусылса, бір секунд та артық уақыт бермей, жаныңды алады.

P.S. Осыған дейін жер бетінде еркектер бастаған соғыс, ғылыми жаңалықтар, эволюция, бәрі-бәрі қыздарға ұнау үшін немесе олардың көңілін табу үшін жасалғанына тағы бір рет көзім жетті.


Сергей Довлатовтың "Ремесло" деген кітабы бар. Сонда Элен есімді әйел күнде Довлатов істейтін редакцияға келіп, әр түрлі тақырыпта онымен тілдеседі. Кез келген еркекке бөтен бір әйел келіп, өзі әңгіме айтуды ұсынса, "мына қыз мені ұнатып қалыпты" деген арам ой келетіні анық. Ондай ой Довлатов сияқты ақжүрек адамды да айналып өтпепті.

Содан кейін Довлатов әлгі Эленді кафеге шақырады, ол көнбейді. Тағы күні паркке барайық десе, «бармаймын» деп жауап береді. Кездесуге шақырудан шаршаған жазушыға Элен "Мен тұрмыстағы әйелмін, неге мені кездесуге шақыра бересіз? Ұятсыз екенсіз" деп айтып-айтып тастайды. "Онда менен не қалайсың? Күнде келіп, адам ойына келмейтін тақырыптарда менімен әңгіме айтасың, бір жерге барып отырайық десем күйеуім бар дейсің. Өзіңе не керек?" деп ұрысқа ұрыспен жауап береді Довлатов та. Элен "Мен аудармашымын. Ал сіздің тіл байлығыңыз - ғажап. Сізбен сөйлесу арқылы сөздік қорымды дамытамын. Бүгін сізбен машиналар туралы әңгіме айттық. Өйткені, кеше машиналарға қатысты аудармаға тапсырыс алып едім. Ертең кино туралы сөйлескім келеді, себебі алдағы уақытта осы салада материал аударамын" деп жауап береді.

Осыдан кейін аудармашы әлде тіл үйреніп жүрген танысыңыз қасыңыздан айналсоқтап, шықпай қойса, қарым-қатынасыңыздың басын ашып алуға кеңес беремін. Довлатов бүкіл кейіпкерін өмірден алғанын ескерсек, неше түрлі адам бар екеніне көзіміз жетеді..

351 1 0 11 14

Таңертең кафеге барып, шай ішетіндер назарына

Бірін-бірі жек көретін экс жұбайлар секілді, «екінші қайтып жолымыз түйіспесін» деп Журналистикамен (әлі оны бас әріппен жазатыныма қарап, шынында сүйеді екен деп ойлап қалмаңыз) «ажырасып» кеткеніме 5 жыл болса да, журналистер секілді "Таңертең кафеге барып, шай ішетіндер назарына" деген кликбейт тақырыппен бастайын.

Күніне екі литр су ішу, сүйіктіңе гүл жіберу, үйленген кезде жүзік тағу және т. б. көзі ақшаға тоймайтын, меркантильді маркетологтар бекітіп тастаған әрекеттер бар. Бұлар біздің табиғатымызда бар кәдімгі әрекетке айналғаны сонша, егер қызыңа гүл бермесең немесе күніне екі литр су ішпесең, өзіңді цивилизациядан мақрұм қалған, варвар сияқты сезінесің.

Осы секілді таңертең кафеге барып, ащы американоға тапсырыс беруді де маркетологтар ойлап тапты деп жүретін едім.

Бүкіл Еуропаның астан-кестенін шығарып, демократия деген құдықтың көзін ашқан, монархияның қабірін қазып, жаназасын шығарған (бірақ 10 жылдан кейін бұл қабірді Наполеон қайтадан тірілтіп алады) Ұлы француз революциясының арқасында кафелер пайда болғаны туралы білесіз бе?

Қазіргі кафемандар мен кофемандар Вольтер, Монтескье, Марат, Дантон (негізі бізде жүрген Марат есімді жігіттердің барлығының әкесі француз революционері Мараттың фанаты болғандықтан баласына сондай есім қойған ғой) секілді жігіттерге рақмет айтуы қажет.

Өйткені, Людовик XVI сол заманда қатаң цензура енгізіп, жаңашыл идеяларды талқылау орындарын бұзып отырған. Ал таңертең бүкіл Париж әлі ұйқыда кезде жоғарыда аты аталған пысық жігіттер біз "монархты құлатып, республика құру деген идеяларды айтуға емес, жай кофе ішуге барамыз" деп көпшіліктің көзіне құм шашып, ал өздері болашақ революцияны айту үшін жиналатын болған. Осылайша, тәтті латте ішіп, әңгімеге жиналатын жігіттер бүкіл Еуропаның алдағы 300 жылдағы саяси бейнесін өзгертіп тастаған.

Келесіде сізді біреу кофеге шақырса, нақты қандай мәселе талқылайтыныңызды алдын ала сұрап алыңыз. Өйткені, Марат, Дантон, Демулендер революцияны кафеде талқылағанымен, сосын бәрінің басы гильотинде кесілгенін ұмытпаңыз.


Пацифизм

Күнде соғыс болып жатқан уақытта пацифизм туралы айтайық.

Пацифизмнің (бейбіт өмірді қалайтындар) Аболиционизм (құлдық режимді жоққа шығарушылар) деген "әкесі" бар. Яғни, былайша айтқанда Пацифизм Аболиционизмович қой.

Қазіргі уақытта тыныштықты, бейбітшілікті қалайтын адамдарды көпшілік "қыз тектес", "жаны жұмсақ" адам деп есептейді. Бірақ тарихи деректерге сүйенсек, XIX ғасырда құлдыққа қарсы шығу үшін, біреуге еркіндік беру үшін, яғни аболиционист болу үшін үлкен батылдық керек еді.

Аболиционистер қалай жұмыс істеген?
Ақшасы мен жері көп байдың үйіне барып, "Байеке, мына адамдардың бәріне еркіндік беріңіз. Құлдықтан босатыңыз, әйтпесе бір күні біздің қолымыздан қайтыс боласыз" деп ескертетін. Егер құл иеленуші оның сөзін тыңдамаса, аболиционистер сол адамды түбінде өлтіретін болған. Тарантиноның "Джанго" деген фильмін еске алыңыз.

Араға бір ғасыр салып осы аболиционистердің соңы пацифизмге ұласады. Бірінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы 6 айынан соң барлық қатысушылар окоптық айқасқа кіріседі. Яғни, ешкім алға жылжымай тек окоптан шықпай атыса береді. Әскерлер "бұл соғыс енді ешқашан бітпейді. Өлгенше окопта жататын шығармыз" деп алғаш рет пацифизм туралы ойлана бастайды.

Өйткені, бұған дейін кез келген соғыстың басым бөлігі бір-екі күнде қылыш-найзамен бітетін еді. Сен не нағыз ерлерше жау қолынан қаза табасың, не аз уақыт ішінде қаһарман болып шыға келесің. Ал Бірінші дүниежүзілік соғыстағы артиллерия, қапатаған мина, улы газ секілді қорқынышты нәрселер алғаш рет адамзатқа соғыстың қаншалықты жиіркенішті екенін көрсетті.

Адам пацифист болу үшін не істеу керек?
Ең алдымен ешқандай психологиялық ауытқуыңыз жоқ екенін растайтын анықтама алыңыз. Өйткені, психтер ғана соғысты жақсы көреді. Егер анықтама алуға мүмкіндік болмаса, менің сүйікті жазушым - Эрих Мария Ремарктың "Батыс майданда өзгеріс жоқ" кітабын оқуға ұсынамын.

2020 жылы пандемия уақытында осы кітапты оқып, көзіме жас алып, сол бірінші дүниежүзілік соғыс окобында жатқандай, бойымды үрей билеген. Осы кітаптан соң соғысты үгіттейтін әр адамның тіліне жылан жұмыртқаласын, ал басқыншылар жер бетіндегі ең ең деген венерологиялық ауруларға шалдықсын деп тілейтін болдым.

Меніңше, адамзат соғыстан шынымен шаршаған күні әліппеден соң Ремарктың "Батыс майданда өзгеріс жоқ" кітабын оқуға міндеттейтін заң шығарады. Бүгінгі күнде путин сияқты қанішерлер бала кезінде осы кітапты оқымай, соғысқа романтикалық пішін беріп жүр.

Енді келесі путин дүниеге келмеуі үшін, қияметке дейін бейбіт өмір сүру үшін не істеу керек екенін білесіз.


Стивен Киңнің «Мүрде» деген кітабында мынадай әзіл бар: «Үйіңе сен жоқта француз келгенін қалай білуге болады? Егер қоқыс жәшігіңдегі тамақ қалдықтарын біреу жеп кетсе және итің екіқабат болып қалғанын көрсең, онда үйіңе француз келіп кетті деп есептей бер» дейді.

Сол сияқты егер Алматы көшелерінде жолпол қызметкерлері көбейсе және ең үлкен көшелер жабылып жатса, қалаға Астанадан шенеуніктер келді деген сөз. На всякий случай үйдегі қоқыс жәшік пен итті қауіпсіз жерге тығып қою керек..


Егер адамзат құлдықты ойлап таппағанда, қазіргідей 8 млрд немесе одан да сорақысы, мүлдем жер бетінен жоғалып кететін еді дейді тарихшылар.

Себебі Адам атаның ұрпағы бірін-бірі құлдықта ұстауға болатынын ойлап тапқанға дейін, кез келген соғыстан соң жеңілген халыққа геноцид жасап, түгелімен жойып жіберіп отырған. Өйткені, бұларды қазір өлтірмесек, ертең басымызға бәле болуы мүмкін. Одан да басын кесіп, мүлік тәркілеген дұрыс деген пікірді ұстанған.

Темір әлде қола дәуірінде сіз біреумен ерегісіп қалсаңыз, араңыздағы мәселе тек қылыш арқылы шешілген. Не өлесең, не қаласың, кіммен дос боласың дегендей ғой.

Қола дәуірінің соңына қарай сол заманның бір Илон Маскі қан өзендей аққан сұмдық соғыстан соң "менде керемет инновациялық идея бар. Екі күннен бері бұл жерде қанша адам өлді. Соғыс алаңында әскерді жеңдік. Ертең бұлардың бала-шағасын қырып тастаймыз. Одан да жеңілген халықты өлтіре бермей, елімізге апарып жұмысқа жегейік. Өзіміз карамель қосылған тәтті латте ішіп, демалып жатамыз. Бұлар жұмыс істейді" деген болуы керек. Сол сәттен бастап адамдар құл ұстаудың кайфын сезе бастады.

Бір сөзбен айтсақ, құлдық - қола және темір дәуірінің ChatGPT-і болған ғой. Қазір сммщик, маркетолог, дизайнерлер өзі жасауға ерінген жұмысты жасанды интеллектке бере салады. Ал б.з.д 2000 жыл бұрын жасанды интеллекттің орнына құлдар жұмыс істеген. Қазір ChatGPT қызметін қолданған сайын, өзімді құл иеленуші нақұрыс сияқты сезінемін.

Сосын адамдар құл ұстауды жетілдіріп, ішіндегі қатігез қанішерлері оны жиіркенішті деңгейге жетізеді. Одан кейін VII ғасырда Ислам келіп, құлдықтың түбіне балта емес, бензопила шауып, адамдарға бостандық беру процесін бастап жіберді.


Бүгін ұлы жазушы Стивен Киң 76 жасқа келді. Оның кітаптарын оқымаған адам кемде-кем шығар. Кітабын оқымасаңыз да, ол жазған роман бойынша түсірілген сериал немесе фильмді көргеніңіз анық.

Егер Киңнің кітабы желісінде кино/сериалды да әлі көрмеген немесе естімеген болсаңыз, сізге бірінші терапевтке, сосын лорға, одан кейін офтальмологқа бару керек. Өйткені, көзіңіз дұрыс көрмесе, құлағыңыз жақсы естімесе, өмір сүру қиын. Айтпақшы, Алматыдағы ең жақсы дәрігерлер Mediker деген клиникада жұмыс істейді.

Менің өмірлік көзқарасымның қалыптасуына әсер еткен екі нәрсе бар: біріншісі - ұлымның дүниеге келуі, екіншісі - Стивен Киңнің "The Dark Tower", "The Stand", "1922", "The Body", "Later" және "The Outsider" деген кітаптары.
Ұлымның дүниеге келуі - жауапкершілікті үйретсе, Киңнің кітаптары - өмірді түсінуге көмектесті.

Киң оқырмандарын қорқынышты әлемге апарып, күлдіріп, қорқытып, жылатып, жақсылыққа сендіріп, соңында ақиқатқа жеткізетін мықты суретші.

Оның мынадай сөзі бар: "Үлкен романдарды оқу - ол бір адаммен отбасын құрып, онымен ұзақ жыл бірге өмір сүрумен бірдей, ал қысқа әңгімелер қараңғы көшеде біреу бетіңнен сүйіп кеткендей күшті әсер сыйлайды".

Менің атам өте ерте қайтыс болған. Қазір атамның түрі қандай болғаны да есімде қалмапты. Бірақ әлі күнге дейін атамды сағынамын. Ал 2017 жылы Киңнің творчествасымен танысқан соң, тура бір атам тіріліп келгендей болды. Сол уақыттан бері Киңнің кітабын ашқан сайын 20 жыл бұрын қайтқан атаммен тілдескендей боламын.

Happy birthday, master!


Баяғыда ерігіп жүрген кезімде, яғни ауыздан шыққан әр сөз үшін Алла алдында жауап беретінімізді білмейтін уақытым ғой. Сол кезде Энн Хэтуэй деген актриса туралы "Сіз сияқты сұлу адамды гүл бағына апарып, гүлдерге көрсету керек. Өйткені, гүлдер де нағыз сұлулық қандай болатынын білуге құқылы" деген бір сөз жазғанмын күнде Эннмен уатсапта сөйлесетін адамдай..

Кеше Ақсақ Темір туралы подкаст тыңдап отырып, мынадай фактімен таныстым.

Бүкіл әлемді өзіне бағындырғысы келген ұлы қолбасшының басқа қанішерлерге ұқсамайтын ерекше қасиеті болған. Ол - қай елді басып алса да, сондағы ақындар мен ғалымдарды өлтірмеген. Олардың барлығын Самарқанға апарып, сол жерде жұмыс істеп, ғылыммен айналысып, сонда ақындары өлеңін жазуды қамтамасыз еткен. Егер оның әскерлері басып алған қалада бір ғалымды байқамай өлтірсе, "за себя не отвечаю. Держите меня семеро!" деп ескертіп қояды екен.

Ақсақ Темір туралы тағы бір факт: Ол Самарқан қаласын өте қатты жақсы көрген. Бүкіл әлемді тонап, қалаларды жермен-жексен етсе де, Самарқанды гүлдендірген. Былайша айтқанда, Назарбаев үшін Астана қандай қымбат болса, Темірлан үшін де Самарқан сондай ерекше мекен болған деседі.

Бірде Самарқан маңында жүрген бір ақын өзі жақсы көрген қызы үшін "мен сенің мұрныңдағы қалың үшін Самарқанның бар байлығын беруге дайынмын. Мен үшін сен кірпігің Самарқанның бүкіл байлығынан қымбат" деген шамада өлең жазыпты.

Бұл мәлімет Самарқанды көзінің қарашығындай көретін Тимекеңе де жетіп, "Мынау нағыз ит екен ғой! Мен 20 жыл бойы Самарқанға инвестиция саламын. Қайдағы жоқ алқаш ақын Самарқанды айдаладағы бір қыздың жолында жұмсап жіберемін дей ме?" деп ашуланып, әлгі ақынды алдына алып келуді тапсырады.

Ақыннан жазған өлеңің үшін сенің басыңды алмауыма бір себеп айтшы дейді. Сонда ғашық ақын жыртық-жыртық шапанын шешіп "Әміршім, көріп тұрғаныңыздай менің үстімде жыртық шапаннан басқа ештеңе қалмаған. Мен сондай ысырапшыл адаммын. Ысырапшылдығым сонша, Самарқан сияқты әдемі қаланы бір қызға айырбастап жіберуге дайынмын" деп жауап берген екен.

Қазақтардағы "сөз тапқанға қолқа жоқ" деген мақалды Темірлан да білетін болған-ау, әйтеуір ақынның осы жауабы оның көңілінен шығып, ақынға бостандық беріпті.

Мораль: Екі тістің арасынан шыққанға дейін сіз сөзіңіздің қожайынысыз. Сөз айтылған сәттен бастап - сіз оны бақылай алмайсыз. Ал орта ғасырда ақындар эпитет немесе метафоралар үшінен басынан айырылып қалу ықтималы жоғары болған.


Португалия халқы үшін екі үлкен тұлға бар: Біріншісі - Криштиану Роналду, екіншісі - Вашко да Гама.

Біз Абайдың даналығына таңданып кейде "Абайдан сөз қалған ба?" дейміз ғой, португалдықтар да "Вашко да Гама бармаған жер қалған ба?" деп таңдай қағатын шығар.

Португалияда Вашко мүсіні жоқ бірде-бір қаланы көрмейсің дейді. Соған қарағанда ол елде алдымен да Гаманың мүсінін тұрғызып, сосын қала құрылысын бастайтын секілді.

8-9 сыныпта географиядан сабақ берген мұғалімім қызқұмар болып (Аман ағай, сәлем!), кешке қыздармен паркте қыдыру үшін кластас қыздарға ғана жақсы сабақ түсіндіретін еді. Сол себепті Вашко да Гама сияқты жаңа әлемді ашқан адам туралы қосымша мәліметті мектеп сабағынан емес, сыртқы дереккөздерден оқуыма тура келді.

Вашко да Гама қандай адам болған?

Әрбір ғасырда бір отморозок дүниеге келеді деген бейресми аңыз бар. XX ғасырда Гитлер мен Сталин бір уақытта туып, бұл лимитті бұзып жіберді демесеңіз, әр 100 жылдықта бір қаніпезер жынды келіп отырған. 16 ғасырдың жындысы - Вашко да Гама деуге болады.

Ол ең алғаш Еуропадан Үндістанға теңіз арқылы жол тапқан данышпан екенін жоққа шығармаймын. Бірақ замандастарының сөзіне қарағанда өте арам адам болған. Ол Үндістанға үш рет экспедиция жасайды:

1. Барып, көріп, жол тауып қайтады. Үндістандықтар "о, қандай керемет адам! Келесі жолы тағы сауда жасауға келіңіздер деп еуропалықтардың үстіне шапан кигізіп, шығарып салыпты.

2. Вашко да Гама екінші экспедицияда "кемеге үнділерге сататын зат емес, зеңбірек оқтарын көбірек жүктеңдер" деп тапсырма береді. Қасындағы көмекшілері түсінбей "Кэп, бұл қалай болғаны? Біз Үндістанға қару сатамыз ба не?" деп сұрағанда, "барған кезде көресің" деп жауап береді.

Калькутта жағалауына жақындай беріп, зеңбіректен оқ атып, халықты шошытып, жергілікті раджалардың үйін тонап, "бүгіннен бастап осы маңда сауда жасайтындардың бәрі бізге қауіпсіздік салығын төлейді" деп үкім шығарады. Бір раджа шығып, "сонда бізді кімнен қорғайсыздар?" деп таңғалғанда "Өз-өзімізден қорғаймыз" деген екен. Яғни, суын ішіп, сосын құдығына түкірген адам болып тұр.

3. Үшінші экспедицияда Вашконың командасында кейбір жігіттер капитанға білдіртпей өзімен бірге әйелін, ал бойдақтары сүйікті қызын кемеге алып шыққан екен. Бұл туралы ақпарат Тынық мұхитының ортасына келгенде Вашкоға да жетеді.

16 ғасырдың гитлері мен сталинін бір адамның бойында жинаған капитан да Гама кемеде жасырынып келе жатқан барлық әйелді палубаға шығарыпты. "Осы қыздардың ішінде ресми некесі бар еркектер әйелдерін өз каютасына алып кетсін, ал ресми некелеспегендер қолын көтерсін" деп бұйрық береді. 10 әйел болса, соның бесеуі әлі тұрмыс құрмаған қыздар екен.

Сол бес қызды Тынық мұхитқа лақтырып жіберіп, ал жігіттерін қамшымен сабап тастапты. Қазір алдыңнан қара мысық өтсе, жамандық болады деген ырым бар ғой. Сол сияқты орта ғасырда кемеге әйел кісі мінсе, арты жамандыққа алып келеді деген қатаң ереже болған деседі.

Мораль: Кумир таңдаған кезде абайлау қажет. Ұлы тарихи тұлғалардың ластықпен былғанған мінездері болуы да мүмкін. Ақырет күні біз жақсы көрген адамдармен бірге оянамыз деген хадис бар. Есеп күні Вашко да Гама немесе Ренат сияқтылармен бірге тұрмау үшін махаббатқа лайық әділ әрі ұлы тұлғаларды жақсы көрейік.


Таңды жағымсыз жаңалықтан бастамау үшін алдымен жақсысын айтайын.
Жақсысы: Жер планетасы әлі де айналып тұр.
Жаманы: Қазақстанда хиджап туралы проблемаға енді домбыра - харам деген нәрсе қосылды.

Қазақстандағы Исламофобияның пайда болуына жалғыз себеп бар: Әлі Алланың бір және бар екеніне күмәнмен қарайтын адамдарға «домбыра харам», «ниқаб кию керек», «екі әйел алуға болады», «сақал қою керек», «намаз оқымасаң кәпірсің» сияқты нәрселерді айтамыз.

Яғни, Пайғамбар (с.ғ.с) сияқты таухидті түсіндірмей, орамал, ниқаб, домбыра, сақал деген популистік тақырыптарды қозғауға асығамыз.

Намазын тастап кеткен қанша танысыңыз бар? Ең интроверт қазақ бұрын тақуа болып, сосын діннен безіп кеткен кемінде 5-6 адамды білетін шығар.

Өйткені таухиді кемелденбеген (тоқаевқа қатысы жоқ кемелдік) адам сәл қиындық көрсе дінін, намазын оптом тастай салады. Себебі Алланың бір және бар екеніне сену - негіздердің негізі (орысша основа основ). Үйдің іргетасы сияқты. Іргетасы нашар үй қалай тез құлайтынын мен айтпасам да білесіз.

Показано 20 последних публикаций.

192

подписчиков
Статистика канала